
Бүгін, 20 мамырда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен аппараттық жиналыс өтті. Күн тәртібінде өңірдің 2026 жылғы қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, салықтық түсімдер жоспары және жергілікті бюджет кірістерін ұлғайту шаралары қаралды.
Жиында өңір экономикасының негізгі бағыттары бойынша оң динамика қалыптасқаны айтылды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 103%-ды, өңдеу өнеркәсібі 136,2%-ды, құрылыс жұмыстары 104,6%-ды, тұрғын үйді пайдалануға беру 104,2%-ды, көлік және логистика 111,1%-ды, сауда көлемі 102,3%-ды құрады.
Ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштерді жақсарту мақсатында арнайы жол картасы әзірленген. Оның аясында шаруашылықтармен жұмысты күшейту, тіркелмеген мал басын анықтау және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бағытында нақты шаралар қабылданады.
Сондай-ақ, кеңесте инвестициялық жобалардың іске асу барысы, өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды сүйемелдеу мәселелері қаралды. Жауапты басқарма өкілдері өңірде жаңа жобаларды іске асыру және қолданыстағы жобаларды қолдау жұмыстары жалғасып жатқанын баяндады.
Бұдан бөлек, 2026 жылға арналған салықтық түсімдер жоспары талқыланды. Мемлекеттік кірістер департаменті бюджет кірістерін арттыру, қосымша түсім көздерін анықтау, мүлік және көлік салығын әкімшілендіру, сондай-ақ өңірде жұмыс істейтін кәсіпорындарды жергілікті тіркеуге алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жауапты басқармалар мен қала, аудан әкімдеріне әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы саласын қолдау және бюджет түсімдерін арттыру бағытындағы жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі