
Бүгін, 15 мамырда Мұнайлы ауданына қарасты Маңғыстау ауылында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай 20 отбасыға жаңа пәтер кілтін салтанатты түрде табыстады. Іс-шараға «Отбасы банк» АҚ төрайымы Ляззат Ибрагимова, мемлекеттік орган өкілдері, ардагерлер, көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал топ өкілдері және БАҚ қызметкерлері қатысты.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет, «Отбасы банк» және облыс әкімдігі бірлесіп бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Мұнайлы ауданында соңғы үш жылда 800-ден астам пәтер табысталды. Биыл да жаңа тұрғын үйлерден пәтер беру жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасады. Жыл сайын баспанамен қамтылатын азаматтар санын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы орайда қолдау білдірген «Отбасы банк» ұжымына алғыс айтамыз. Қоныс той құтты болсын! – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, «МОНАКО» тұрғын үй кешені 7 қабаттан тұрады. «Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамту» бағдарламасы аясында Мұнайлы ауданында 2024 жылы 186 пәтер сатып алынып, көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік осал топтарға және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға табысталған болатын. Ал 2025 жылы аудан әкімдігі арқылы 226 пәтер сатып алынып, 2026 жылдың ақпан айынан бастап тұрғын үй кезегіне сәйкес кезең-кезеңімен берілуде. Сонымен қатар биыл қыркүйек айына дейін тағы 287 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі