
Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
9 мамыр – ерлік пен елдіктің, қайсарлық пен отансүйгіштіктің айқын көрінісіне айналған қастерлі күн. Бұл – бейбіт өмір үшін жанын қиған батырлардың рухына тағзым етіп, олардың ерен ерлігін ұлықтайтын ұлы мереке.
Ағымдағы жылы бұл мерекенің маңызы тіпті арта түсуде. Жеңіс буынының ерлігі мен еліміздің Конституциясында бекітілген адамға құрмет, өмірдің, бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің құндылықтары өзара сабақтас ұғымдар. Бұл қағидаттар – бүгінгі тәуелсіз еліміздің берік іргетасы.
Сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласында ерлік көрсеткен жауынгерлердің және тылда аянбай еңбек еткен жандардың алдында басымызды иеміз. Олардың жанқиярлығы мен табандылығы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның берік негізі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, «Фашизмге қарсы соғыс халқымызға өлшеусіз қайғы әкелді. Алайда жауынгерлеріміз ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсетіп, азаттық жолында аянбай күресті». Бұл – ұрпақ санасында мәңгі сақталатын тарихи ақиқат.
Өкінішке қарай, уақыт өткен сайын ардагерлеріміздің қатары сиреп барады. Бүгінде Маңғыстау өңірінде көзі тірі жалғыз ғана Ұлы Отан соғысының ардагері қалды. Ол – тұтас бір дәуірдің тірі куәсі, елге үлгі боларлық асыл жан. Ардагерімізге деген құрмет – өткенге тағзым, болашаққа аманат.
Баршаңызды бейбітшілік пен келісімді дәріптеуге, ардагерлерге құрмет көрсетіп, оларға жан-жақты қолдау білдіруге шақырамын. Бұл – ортақ парызымыз.
Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Елімізде әрдайым бейбітшілік орнап, бірлігіміз нығая берсін!
Жеңіс күні құтты болсын!
Құрметпен,
Маңғыстау облысының әкімі
Нұрдәулет Қилыбай