Маңғыстауда балық шаруашылығын дамытуға бағытталған стратегиялық инновациялық жоба жүзеге асырылуда

Маңғыстауда балық шаруашылығын дамытуға бағытталған стратегиялық инновациялық жоба жүзеге асырылуда

18 сәуірде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылындағы «Kazakh Osseter» ғылыми-өндірістік кәсіпорнына барып, балық шаруашылығы саласындағы инновациялық жобаның іске асырылу барысымен танысты.

Өңірде бекіре тұқымдас балықтардан балыққа зиян келтірмей тағамдық уылдырық алу бойынша елімізде теңдесі жоқ жоба жүзеге асырылуда. Бұл технология экологиялық қауіпсіз әрі тұрақты өндірістің заманауи халықаралық стандарттарына толық сәйкес келеді. Жоба 2026-2027 жылдары Маңғыстау облысының балық шаруашылығы басқармасының 019 «Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу» бюджеттік бағдарламасы аясында іске асырылуда.

– Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында біз жоғары технологиялық және экспортқа бағытталған салаларға басымдық берілетін экономиканың жаңа моделін жүйелі түрде қалыптастырып келеміз. Балық шаруашылығын дамыту – тек салалық жоба емес, бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, жаңа жұмыс орындарын ашатын және өңірдің халықаралық нарықтарға шығуына жол ашатын маңызды бағыт. Мұндай бастамалар тұрақты экономикалық өсімнің драйверіне айналады. Біз бұл жобаларға жан-жақты қолдау көрсетеміз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.



Жобаның негізгі мақсаты – уылдырық алудың жоғары технологиялық әдістерін енгізу, сапалы аналық табынды қалыптастыру және саланың тиімділігін арттыру. Жоспарға сәйкес, шамамен 250 бекіре тұқымдас балықтан уылдырық алу көзделген.

Жоба өңір экономикасына мультипликативтік әсер береді: 50 жаңа жұмыс орны ашылып, жыл сайын 250 тоннаға дейін тауарлы балық, 0,2 тонна уылдырық және 500 мыңға дейін шабақ өндіріледі. Өнімдер Еуропа және Таяу Шығыс елдеріне экспортталып, облыстың экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Аталған жоба Маңғыстау облысында балық шаруашылығы саласын заманауи, ғылыми негізделген және бәсекеге қабілетті деңгейге көтерудің маңызды кезеңі болып саналады.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі