Ақтауда қуаты 500 МВт болатын бу-газ электр станциялары салынады

Ақтауда қуаты 500 МВт болатын бу-газ электр станциялары салынады

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов пен Huadian Overseas Investment Co., Ltd. вице-президенті
Чжоу Дэхуа кездесу өткізді. Кездесу барысында Маңғыстау облысының әкімдігі мен Huadian Overseas Investment Co., Ltd. мемлекеттік компаниясы арасында «Маңғыстау облысы Ақтау қаласында қуаты 2х250 МВт (жалпы 500 МВт) болатын бу-газ электр станцияларын салу» инвестициялық жобасын іске асыру бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Бұл жұмыстар алдағы уақытта инвестициялық келісім жасау арқылы жүзеге асырылады.

Жобаны бірлесіп іске асырудың маңызды артықшылықтарының бірі - компанияның Ақтау қаласында бұрыннан жұмыс жүргізіп келе жатқаны. Қазіргі уақытта қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысы жүргізілуде. Аталған нысанды пайдалануға беру мерзімі 2027 жылға жоспарланған.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов жобаның өңір үшін маңыздылығын атап өтті.

- Бұл жобаны жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда екі бу-газ қондырғысын салу туралы түпкілікті шешім қабылданып, құрылыс орны анықталды. Жобаны іске асыру бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, барлық мәселелер тұрақты бақылауда. Біз жобаны жедел әрі тиімді жүзеге асыруға мүдделіміз және туындайтын барлық мәселелерді жұмыс тәртібімен дер кезінде шешіп отырмыз, - деді Ербол Ізбергенов.

Сонымен қатар тараптар теңіз суын тұщыландыру және электр энергиясын өндіру бағытындағы бірлескен жобаларды да қарастырып жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасады деп күтілуде.

Айта кетейік, China Huadian Overseas Investment Co., Ltd. - Қытайдың ірі мемлекеттік энергетикалық корпорациясы China Huadian Corporation компаниясының еншілес ұйымы. Компанияның негізгі қызметі - электр және жылу энергиясын өндіру және жеткізу. Бұл Қытайдағы орнатылған қуаты 203 ГВт-тан асатын екінші ірі мемлекеттік энергетикалық компания.