
Маңғыстау облысының қала және аудандарында ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар ұлттық дәстүрлер мен заманауи форматты үйлестіріп, өңір тұрғындары мен қонақтарына ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жалпы облыс бойынша Наурыз мерекесіне 60 мыңнан астам адам қатысып, 134 киіз үй тігілді.
Мерекенің негізгі шарасы облыс орталығы Ақтау қаласында өтті. Каспий теңізінің жағалауыны 25 мыңнан астам адам жиналып, ақшаңқан 33 киіз үй орнатылды.
Мерекенің басты ерекшеліктерінің бірі – «Digital Nauryz» жобасы аясындағы цифрлық киіз үй болды. Мұнда келушілерге интерактивті технологиялық аймақтар ұсынылды: адам тәрізді «Наурыз» роботы, «Тазы» робот-иті, сондай-ақ шай құятын «Shai-tech» жобасы таныстырылды. Қонақтар VR/AR технологияларымен, виртуалды ойындармен танысып, оқушылар әзірлеген Қазақ хандығы дәуіріне арналған VR-жобаға ерекше қызығушылық танытты. Сонымен қатар 3D баспа мүмкіндіктері мен өңірлік IT жобалар ұсынылды.
22 наурыз күні мерекелік бағдарламалар «Берекелі Наурыз – мерекелі шеру» атты ұлттық өнер мен дәстүрді ұлықтаған шерумен басталды. Шеруге ұлттық киім киген тұрғындар, өнерпаздар және этномәдени бірлестіктер қатысты.
Амфитеатр сахнасында «Науша Наурыз – бақ, ырыстың бастауы» атты ауқымды театрландырылған қойылым қойылды. Сонымен қатар қазақ күресі, ләңгі тебу, арқан тарту және қол күрес секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, оған әр өңірден келген спортшылар қатысты.
Концерттік бағдарлама аясында белгілі өнерпаздар – Ақылбек Жеменей, Ғаділбек Жаңай, сондай-ақ өзбекстандық әншілер Шыраз Нуратдинов пен Инабат Джуманиязова өнер көрсетті. Мереке Маңғыстау облыстық филармониясы әртістерінің концертімен қорытындыланды.
Бейнеу ауданында мерекелік іс-шаралар Әли Балта палуан атындағы орталық стадионда өтті. Оған 23 киіз үй тігіліп, 8 мыңнан астам адам қатысты. Мұнда да робототехника көрмесі ұйымдастырылды.
Түпқараған ауданындағы негізгі шаралар Форт-Шевченко қаласының орталық алаңында өтті. 11 киіз үй орнатылып, 2 мыңнан астам адам жиналды. Оқушылар әзірлеген роботтар көрмесімен цифрлық аймақ ұсынылды.
Жаңаөзен қаласында мерекелік іс-шаралар бірнеше күнге жалғасты. Қала мен ауыл аймақтарда барлығы 31 киіз үй тігіліп, 10 мыңнан астам адам жиналды. Цифрлық формат аясында «Өзенмұнайгаз» АҚ жастары ұйымдастырған роботтар таныстырылды.
Қарақия ауданында мерекелік іс-шаралар Құрық, Жетібай және Мұнайшы ауылдарында ұйымдастырылып, 15 киіз үй тігілді, 2–3 мыңға жуық тұрғын Наурыз думанына куә болды.
Маңғыстау ауданында негізгі мерекелік шаралар Шетпе ауылында өтіп, 10 киіз үй тігілді, 4 мыңнан астам адам жиналды.
Ал Мұнайлы ауданындағы Маңғыстау ауылында 11 киіз үй орнатылып, мерекеге 8 мыңнан астам тұрғын қатысты.
Жалпы, облыстың барлық қала және аудандарында ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар кешкі концерттік бағдарламалармен қорытындыланып, көрермендерге ерекше әсер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.