
6 наурыз күні Маңғыстау облысында Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға өңірдің түрлі саласында еңбек етіп жүрген ардақты аналар, қыз-келіншектер мен қоғам белсенділері қатысты.
Жиында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың атынан жиналған аруларды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әйелдердің қоғамдағы орны мен рөліне әрдайым жоғары баға беріп келеді. Бүгінде нәзік жандылар еліміздің барлық саласында табысты еңбек етіп, ел дамуына сүбелі үлес қосуда. Маңғыстау өңірінің өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға белсенді атсалысып жүрген қыз-келіншектеріміздің еңбегі қашанда құрметке лайық, – делінген облыс әкімінің құттықтауында.
Сондай-ақ салтанатты жиында өңірдің түрлі саласында жемісті еңбек етіп, аймақтың дамуына үлес қосып жүрген бірқатар әйелдер Маңғыстау облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласып, жергілікті өнерпаздар мен мәдениет саласының өкілдері әннен шашу шашып, нәзік жандыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі