Бүгін, 5 наурыз күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен «Әділетті Конституция – қуатты мемлекет» тақырыбында сарапшылар қауымдастығымен ауқымды кездесу өтті.
Кездесу барысында елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалардың мәні мен маңызы талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен қолға алынған өзгерістердің негізгі мақсаты – адам құқықтарын қорғау, әділетті қоғам қалыптастыру және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру екені айтылды.
Облыс әкімі өз сөзінде жаңа Конституция жобасын әзірлеу кезінде азаматтардың пікірлері мен ұсыныстары кеңінен ескерілгенін атап өтті. Сонымен қатар білім мен ғылымға, мәдениет пен инновацияға басымдық берілуі еліміздің адами капиталын дамытуға бағытталғанын жеткізді.
– Жаңа Ата заң – еліміздің болашақ дамуына арналған берік негіз. Онда адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындалған. Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, бірлік пен ынтымақ, табиғатқа жауапкершілікпен қарау қағидаттары Конституция деңгейінде бекітіліп отыр. Мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халық екені нақты көрсетілді. Бұл – азаматтардың мемлекет басқаруына белсенді қатысуына жол ашады, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Сондай-ақ кездесуде Маңғыстау облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелеріне тоқталса, «AMANAT партиясы» облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев өңірде жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарын баяндады. Ал «Yessenov University» ректоры Берік Ахметов білім, ғылым және киберқауіпсіздікке басымдық берілуін қолдайтынын айтса, қалалық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлзира Есетова отбасылық институттың Конституцияда бекітілуінің маңыздылығын атап өтті.
Жиын соңында облыс әкімі қоғам болып реформаларды қолдаудың маңызын айтып, жаңа Конституция елдің тұрақты дамуына қызмет ететініне сенім білдірді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі