
18 ақпан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Атамекен ауылдық округіне барып, су айдау станциясының құрылыс барысымен танысты.
Аймақ басшысына нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы, техникалық сипаттамасы және атқарылып жатқан жұмыстар туралы жауапты мамандар баяндады. Жоба қолданыстағы су айдау бекеті мен резервуарларды кеңейтуге бағытталған. Атап айтқанда, сумен жабдықтау үшін қолданыстағы бекетке қосымша сыйымдылығы 3000 текше метр болатын 2 резервуар және 1 су құбыры сорғы станциясын салу қарастырылған.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жер учаскесін көтеру жұмыстары толық орындалып, жобада қарастырылған насос қондырғылары жеткізілген. Бүгінгі таңда нысанның құрылыс дайындығы 70 пайызды құрайды. Мердігер ұйым нысанды өз қаражаты есебінен 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Аталған жобаны іске асыру нәтижесінде ауылдық округ тұрғындары тұрақты әрі үздіксіз ауызсумен қамтылады. Қазіргі таңда бұл аумақта шамамен 44 мың адам тұрады.
Облыс әкімі құрылыс сапасын бақылауда ұстауды, белгіленген мерзімдердің сақталуын және нысанды уақтылы іске қосуды қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ аталған жоба елді мекенді тұрақты ауызсумен қамтамасыз етуге және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі