Облыс әкімдігінде өңірдегі көлік, сауда және туризм салалары дамуының барысы талқыланды

Облыс әкімдігінде өңірдегі көлік, сауда және туризм салалары дамуының барысы талқыланды

Бүгін, 17 ақпан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен аппараттық жиналыс өтті. Кеңесте көлік-логистика, сауда және туризм салаларының дамуы, негізгі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы қаралды.

2025 жылы өңірде «Көлік және қоймалау» саласының нақты көлем индексі 108,3%-ды құрап, қызмет көлемі 554,8 млрд теңгеге жетті. Жолаушылар вагондарының 98%-ы жаңартылып, 2026 жылдың ІІІ-ІV тоқсанында «Маңғыстау», «Бейнеу», «Шетпе» вокзалдары пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Тәжен» мен «Темір-Баба» кеден бекеттері жаңғыртылып, «Бейнеу – Сексеуіл» автожолының құрылысы басталады. Әуе қатынасында Ақтау халықаралық әуежайы базасында Lufthansa Consulting қатысуымен авиациялық хаб құру жобасы жүзеге асырылып, «Кендірлі» әуежайы 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.

2025 жылы Маңғыстау облысында сауда саласы тұрақты өсім көрсетіп, жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 27 мыңнан асты. Ішкі тауар айналымы 1,27 трлн теңгеге жетті. Соңғы жылдары сауда инфрақұрылымы да кеңейіп, сауда алаңы 516 мың шаршы метрге дейін ұлғайды. Инвестиция көлемі 29,2 млрд теңгені құрап, Ақтауда бірқатар ірі сауда орталықтары мен базарларды жаңғырту жобалары іске асырылды. Сонымен қатар «Жібек жолы», «Әсем-Берекет», «Мағаш» сияқты базарларды қайта жаңарту және жаңа сауда нысандарын ашу жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылы салаға 35,3 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ былтыр Маңғыстау облысына 500 мыңнан астам турист келіп, көрсетілген қызмет көлемі 17 млрд теңгеден асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13% өсімді көрсетті. Жалпы құны 4,6 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобалар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылды, туристік инфрақұрылым дамыды. 2026 жылы туристер санын 560 мыңға жеткізу, 38,9 млрд теңге инвестиция тарту, жағажайлар мен Бозжыра бағытындағы жолдарды абаттандыру, жаңа нысандар салу жоспарлануда.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай салалар бойынша жобаларды сапалы әрі уақтылы іске асырудың маңызын атап өтіп, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі