Бүгін, 16 ақпанда Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапарымен Мұнайлы ауданы барып, Батыр ауылдық округіндегі мәдени нысанның және Баянды ауылындағы өндірістік жобаның құрылыс барысын зерделеді.
Аймақ басшысы алдымен Батыр ауылдық округінде салынып жатқан кітапханасы бар 200 орындық селолық клубтың құрылыс алаңына барды. Жауапты мердігер ұйым өкілдері нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы, техникалық сипаттамасы және атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Аталған жоба ауыл тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастыруға, жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға және кітап оқуға деген қызығушылығын дамытуға бағытталған. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы 1000 шаршы метрді құрайды. Нысанда 44 кабинет қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын «СК А-Строй монтаж» ЖШС жүзеге асыруда. Қазіргі уақытта жұмыстардың 80 пайызы аяқталған.
Облыс әкімі құрылыс сапасына, белгіленген мерзімдердің сақталуына және нысанды уақтылы пайдалануға беру мәселесіне ерекше назар аударды.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Баянды ауылында орналасқан түйе сүтін өңдеу цехының қызметімен де танысты. Жоба жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылған.
Өндірістік жобаның бастамашысы – «Ботам 2023» ЖШС. Кәсіпорынның негізгі бағыты – түйе сүтін өңдеу және көже өнімдерін өндіру. Цех тәулігіне 1,5 тоннаға дейін сүт өнімін өңдеуге қауқарлы.
Жоба «Ғылым қоры» бөлген грант есебінен қаржыландырылған. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 10–15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жоспарға сәйкес өндіріс нысанын наурыз айының соңында іске қосу көзделіп отыр.
Облыс әкімі аталған әлеуметтік және өндірістік жобалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға оң ықпал ететінін атап өтті.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі