
Бүгін, 7 ақпан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласында салынып жатқан жаңа мұз айдынының құрылыс барысымен танысты.
Аталмыш нысан халықаралық талаптарға сай, стандартты олимпиадалық үлгіде салынуда. Екі қабатты ғимаратта мұз айдыны, спортшыларға арналған киіну бөлмелері, жаттықтырушылар бөлмесі, әкімшілік кабинеттер, сондай-ақ келушілерге арналған кафе қарастырылған. Нысанда жаттығушыларға барлық қолайлы жағдай жасалған.
Жаңа мұз айдынында хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және кёрлинг сынды төрт олимпиадалық спорт түрі бойынша жаттығулар өткізуге мүмкіндік бар. Жоба жеке кәсіпкерлік қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта Өскемен, Астана және Қарағанды қалаларынан білікті жаттықтырушыларды тарту жоспарланып отыр. Негізгі басымдық хоккей мен мәнерлеп сырғанау спортына беріледі.
Айта кетейік, жаңа мұз айдыны өңірде қысқы спорт түрлерін дамытуға, жас спортшыларды қолдауға және бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі