Бүгін, 22 қаңтар күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапарымен Бейнеу ауданына барып, Төлеп ауылында салынуы жоспарланған жаңа мектептің жобасымен танысты.
Жоба аясында елді мекенде заманауи үлгідегі 200 орындық жаңа мектеп салу көзделіп отыр. Білім беру нысаны ауылдағы оқушы орындарының тапшылығын жоюға, білім сапасын арттыруға және балалар үшін қолайлы оқу ортасын қалыптастыруға бағытталған. Мектеп заманауи талаптарға сай салынып, оқушылар мен педагогтер үшін қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіледі.
Әлеуметтік нысан мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынады. Жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстары ақпан айында басталып, жаңа мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Айта кету керек, Бейнеу ауданына қарасты Есет ауылында да биыл 100 орындық мектептің құрылысы басталды.
Жобамен танысу барысында облыс әкімі әлеуметтік нысандардың, оның ішінде білім беру объектілерінің сапалы әрі уақытылы салынуы өңір дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі