
21 қаңтарда Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапарымен Бейнеу ауданына барды. Аймақ басшысы Ақтау–Бейнеу автожолында орын алған жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына барып, көңіл айтты. Сондай-ақ апаттан зардап шеккен науқастардың жағдайымен танысты.
Қазіргі уақытта Бейнеу аудандық ауруханасында түрлі жарақат алған 7 науқас ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің мәліметінше, олардың барлығының жағдайы тұрақты. Зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде. Облыс әкімі науқастардың хал-жағдайын сұрап, медициналық көмектің сапалы әрі уақтылы көрсетілуін қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Сапар барысында Нұрдәулет Қилыбай жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына арнайы барып, қайғырып көңіл айтты.
Айта кетейік, 16-қаңтарда республикалық маңызы бар Ақтау – Бейнеу автожолында жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан адам шығыны тіркеліп, бірқатар азаматтар түрлі деңгейдегі жарақаттар алды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес медициналық көмекті күшейту мақсатында ауданға санитариялық авиация желісі арқылы білікті профильдік жоғары санатты мамандар тобы жіберілді. Жергілікті атқарушы органдар жанынан жедел штаб құрылды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі