Ақтауда мереке кезінде азық-түлік бағасына мониторинг жүргізілді

Ақтауда мереке кезінде азық-түлік бағасына мониторинг жүргізілді

Ақтау қаласында жаңа жыл мерекесі кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізілді. Бақылау барысында «Дина», «Аман», «Анвар» сауда нысандары қамтылды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Мониторингтің басты мақсаты - мереке қарсаңында бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, сондай-ақ мерекеден кейінгі кезеңде нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы, Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Пікір Сансызбаев, сондай-ақ Маңғыстау облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Рауан Мұхаев пен сала өкілдері қатысты.

- Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Қазіргі таңда өңір бойынша баға деңгейі тұрақты. Бақылау барысында тауарлардың сорттарына байланысты баға айырмашылығы болғанымен, сатып алу мен сату бағасы арасындағы 15 пайыздық шекті үстеменің сақталуы қатаң қадағаланып отыр, - деді Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Пікір Сансызбаев.

Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі кеңейтілді. Бұрын 19 тауар қамтылса, қазіргі таңда олардың саны 31-ге дейін артты.

- Жаңартылған тізімге алма, шай, қызанақ, қияр, қаймақтың бірнеше түрі, сондай-ақ сүт және ет өнімдерінің кеңейтілген санаттары енгізілді. Атап айтқанда, сиыр етімен қатар жылқы және қой еті, олардан дайындалған фарш, сондай-ақ құс етінің тұтас және бөлшектелген түрлері де қамтылып отыр. Барлық аталған өнімдер бойынша 15 пайыздық шекті сауда үстемесінің сақталуы тұрақты түрде қадағаланады, - деді Пікір Сансызбаев.