Құрметті маңғыстаулықтар, ардақты жерлестер!

Құрметті маңғыстаулықтар, ардақты жерлестер!

Жаңа жыл – жаңарудың, үміт пен сенімнің символы. Ескі жылды артқа тастап, жаңа белестерге бет бұрған осы сәтте әр шаңырақта қуаныш пен береке, жарқын болашаққа деген сенім ұялайды. Бұл – өткенге есеп беріп, алдағы күндерге айқын мақсат қоятын ерекше кезең.

2025 жыл Маңғыстау өңірі үшін табысты әрі маңызды шараларға толы кезең болды. Түркі дүниесінің мәдени кеңістігінде ерекше орын алатын айтулы жылы Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы атанып, өңіріміздің абыройын асқақтатты. 5 мыңнан астам адам ұлттық киім киіп, Гиннестің рекордтар кітабына еніп, қазақ халқының бай мәдениеті мен салт-дәстүрін әлемге паш етті. Бекет ата Мырзағұлұлының 275 жылдығы мен оның рухани ұстазы Шопан атаның рухына арналған бірқатар шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар, өңірде алғаш рет ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптейтін «Ақ Мая Fest» шұбат фестивалі өтті.

Бұдан бөлек, Маңғыстау өлкесінде ауқымды іс-шаралар, жоспарлы жұмыстар жемісті жүзеге асты. Өңірдің экономикалық өсімінде оң көрсеткіштер орын алып, өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі айтарлықтай ұлғайды. Мұның бәрі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алдымызға қойған нақты тапсырмалары мен барша маңғыстаулықтардың қажырлы еңбегінің арқасы екені сөзсіз.

Құрметті жерлестер, туған өлкеміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз – Маңғыстаудың тұрақты дамуының берік негізі.

Қазақ халқы Жылқы жылын жақсылықтың, молшылық пен берекенің жылы деп бағалаған. Ендеше, келе жатқан Жаңа жыл елге құт әкеліп, әр отбасының несібесін молайтсын, бірлігімізді бекемдей түссін.

Жаңа жыл әр шаңыраққа амандық пен саулық, табыс пен бақ-береке әкелсін!
Жаңа жыл құтты болсын!

Құрметпен,
Маңғыстау облысының әкімі
Нұрдәулет Қилыбай