
Бүгін, 29 желтоқсан күні Маңғыстау облысының әкімі мен қазақстандық эстрада жұлдыздары Қайрат Нұртас пен Наркенже Серікбаева балалар үйінің тәрбиеленушілерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Іс-шара барысында облыс әкімі балаларға мерекелік сыйлықтар табыстап, тәрбиеленушілер әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалады. Сонымен қатар мерекелік кеште елімізге танымал өнер иелері Қайрат Нұртас пен Наркенже Серікбаева ән шырқап, балаларға ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Құттықтау сөзінде Нұрдәулет Қилыбай балаларға зор денсаулық пен жарқын болашақ тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр баланың қамқорлық пен мейірімге бөленіп, сапалы тәрбие мен білім алуы мемлекет саясатының басты басымдығы екенін үнемі айтып келеді. Осы бағытта өңірімізде жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Сіздерді жаңа үміт пен ақ тілектерге толы Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әр бала мейірім мен қамқорлыққа, бақытты балалық шаққа лайық. Сіздердің қуаныштарыңыз – біздің басты байлығымыз. Балалардың жүзінен күлкі кетпеуі үшін бар күшімізді саламыз. Ал осы балаларға күн сайын жылулық сыйлап, жанашырлық танытып жүрген тәрбиешілер мен қызметкерлерге зор алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, қазіргі таңда отбасы үлгідегі балалар ауылында барлығы 37 бала тәрбиеленуде. Тәрбиеленушілер білім, спорттық, танымдық іс-шараларға белсене қатысып, биылғы жылды оң нәтижемен қорытындылады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі