
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов Шымкент қаласына іссапары аясында Нұрдәулет Қилыбайдың тапсырмасына сәйкес Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде білім алып жатқан маңғыстаулық студенттермен және олардың ата-аналарымен кездесу өткізді.
Кездесуге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және университеттің Басқарма төрағасы – ректордың міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев қатысты.
Іс-шара Маңғыстау облысының түлектерін жоғары педагогикалық біліммен қамтамасыз етуге, өңір мектептеріндегі кадр тапшылығын шешуге және білім беру жүйесінің кадрлық әлеуетін күшейтуге бағытталған пилоттық жоба аясында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында оқу процесін ұйымдастыру, студенттердің тұрмыстық жай-күйі мен әлеуметтік бейімделу мәселелері талқыланды. Іс-шараға қатысушылар жобаны одан әрі жетілдіруге бағытталған пікірлер мен ұсыныстарымен бөлісті.
Маңғыстаулық талапкерлер университетке биыл тамызда қабылданды. Педагогикалық мамандықтарға түсу талаптарының күшейтілуіне және Ұлттық бірыңғай тестілеудің шекті баллының жоғары болуына қарамастан, өңір түлектері үшін арнайы жағдайлар қарастырылған. Атап айтқанда, студенттер тегін білім алуда, оларға тегін жатақхана берілген, сондай-ақ университет жанындағы барлық секциялар мен тіл үйрену бағдарламалары қолжетімді.
Қазіргі таңда жоба аясында Маңғыстау облысынан келген 19 студент білім алып, бірінші семестрді сәтті аяқтады. Университет тарапынан сапалы білім алуы жастардың толыққанды әлеуметтік бейімделуі үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Оқу аяқталғаннан кейін түлектерге дипломдар мен қосымша сертификаттар табысталады.
Кездесу барысында сөз сөйлеген Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов пилоттық жобаның өңір үшін кадрларды жүйелі даярлауда маңызды құрал екенін атап өтті.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес жастардың сапалы білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Маңғыстау облысы үшін бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау – стратегиялық міндет. Біз студенттерге оқу кезеңінің барлық сатысында қажетті жағдай жасап, жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың кәсіби және тұлғалық дамуына ықпал етеміз. Осы жобаны жүзеге асыруда қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне, сондай-ақ Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековке ерекше алғысымды білдіремін», – деді Асхат Оралов.
Өз кезегінде университеттің Басқарма төрағасы – ректордың міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев жоба түлектері сапалы білім алып, кәсіби маман ретінде қалыптасып, әлеуметтік саланың дамуына үлес қосатынын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар пилоттық жобаның өзектілігін атап өтіп, білікті педагогикалық кадрларды даярлаудағы маңызды рөлін жоғары бағалап, оны іске асыру аясында одан әрі ынтымақтастықты жалғастыруға даяр екендіктерін білдірді.