Маңғыстауда облыстық филармониясының 50 жылдығына арналған гала-концерт өтті

Маңғыстауда облыстық филармониясының 50 жылдығына арналған гала-концерт өтті

Ақтауда Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының 50 жылдық мерейтойына арналған «Өнермен өрілген – 50 жыл» атты салтанатты гала-концерт өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Мерейтойлық кеш филармония тарихына арналған бейнероликпен және филармония әртістерін қызыл кілеммен қарсы алудан басталды. Концерт барысында жарты ғасырлық тарихы бар өнер ордасының шығармашылық жолы кеңінен таныстырылып, ұлттық және әлемдік музыка өнерін ұштастырған мазмұнды бағдарлама ұсынылды.

Сахнада филармония құрамындағы барлық шығармашылық ұжымдар – «Ақ шағала» вокалды-аспаптар ансамблі, камералық ансамбль, «Ақжарма» фольклорлық ансамблі, «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі, Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрі, симфониялық оркестр, «Жорға» би ансамблі, сондай-ақ дәстүрлі, классикалық және эстрадалық әншілер өнер көрсетті.

Іс-шара аясында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев құттықтау сөз сөйлеп, өңір мәдениетінің дамуына үлес қосқан өнер ұжымдары мен сала қызметкерлеріне жылы лебізін білдірді.

-Маңғыстау мәдениеті — терең тарихы мен өзіндік өрнегі бар, ұлттық рухпен сабақтасқан қастерлі мұра. Бұл өлкенің өнері бабадан жеткен асыл қазынаны сақтап қана қоймай, оны бүгінгі заман талабына сайдамытып, келер ұрпаққа аманаттап келеді.
Осындай қасиетті миссияны абыроймен атқарып келе жатқан, дәулескер күйші Мұрат Өскінбайұлының есімін иеленген Маңғыстау облыстық филармониясы өңірдің рухани өмірінде айрықша орын алады. Жарты ғасыр ішінде ұжым кәсіби тұрғыда қалыптасып, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде ел өнерін лайықты танытып келеді.
Осы орайда, Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының 50 жылдық мерейтойымен барша ұжым мен сала қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймын.
Сіздерге зор денсаулық, отбасылық амандық және шығармашылық табыс тілеймін. Алдағы уақытта да ел руханиятынақызмет етіп, жұртшылықты жарқын жетістіктермен қуанта беретіндеріңізге сенім мол, - деді Тілеген Әбішев.

Концерт бағдарламасында халық күйлері мен термелері, классикалық туындылар, әлемдік және отандық эстрада шығармалары орындалып, ҚР еңбек сіңірген және халық әртістері, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары сахна төрінен көрінді. Кеш филармония әншілерінің орындауындағы «Филармония» әнімен қорытындыланды.