
Бүгін, 18 желтоқсан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогемен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестік аясында Маңғыстау облысы мен француз тарапы арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, көлік-логистика, агроөнеркәсіп кешені, туризм, сондай-ақ инвестициялар мен технологиялар трансфері бағыттарына назар аударылды. Сондай-ақ мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде қой, ешкі және түйе шаруашылығында француз тәжірибесін енгізу, сүт шаруашылығы мен ірімшік өндірісі саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің географиялық орналасуы, Ақтау және Құрық теңіз порттарының мүмкіндіктері, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберіндегі рөлін атап өтіп, бұл факторлар екіжақты серіктестікті дамытуға негіз болатынын айтты.
– Маңғыстау облысында көлік-логистика, туризм, өңдеу өнеркәсібі және агроөнеркәсіп салаларында жаңа даму бағыттары қалыптасып келеді. Біз француз компанияларымен өзара тиімді жобаларды іске асыруға дайынбыз, – деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге Маңғыстау облысымен серіктестікті нығайтуға мүдделі екенін білдірді.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы мен Франция Республикасы арасындағы 2025 жылдың қаңтар-қазан айларындағы сыртқы сауда айналымы 3,1 млн АҚШ долларын құрады. Сондай-ақ өңірде француз капиталының қатысуымен экономиканың әртүрлі салаларында 5 кәсіпорын тіркелген.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі