Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың Тәуелсіздік күніне арналған құттықтауы

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың Тәуелсіздік күніне арналған құттықтауы

Құрметті маңғыстаулықтар! Қадірлі жерлестер!

Сіздерді еліміздің ең қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – азаттықтың ақ таңы атқан күнді еске салып, елдігіміз бен бірлігіміздің қадірін бағалайтын ұлық мереке. Мемлекет басшысы атап өткендей, Тәуелсіздік – халқымыздың бүгінгі келбетін айқындап, болашақ бағдарын белгілейтін ең басты құндылық. Ол – сан ғасыр бойы азаттықты аңсаған бабалар арманының жүзеге асқан тарихи сәті, халқымыздың берік рухы мен ерік-жігерінің жемісі.

Біз өткенге тағзым ете отырып, егемендіктің мәнін терең ұғынамыз. Азат ел атану үшін жанын берген батырларымыздың есімі мәңгі жүрегімізде. Тәуелсіздік халқымызға тұғырлы мемлекет құруға, ауқымды реформаларды жүзеге асыруға, әлемдік қауымдастыққа беделді мемлекет ретінде танылуға жол ашты.

Маңғыстау – тарих пен руханияттың, тәуелсіздіктің биік рухын бойына сіңірген қасиетті өлке. Осы өлкеде тұратын әрбір азамат ел игілігі үшін еңбек етіп, туған жердің өркендеуіне үлес қосуда. Сіздердің белсенділігіңіз бен береке-бірліктеріңіз – өңірдің өсіп-өркендеуінің басты тірегі.

Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, игілігі мол еңбек, мерейлі жетістіктер тілеймін!

Еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігі мәңгілік болсын!