
12 желтоқсанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Құрық портынан 20 шақырым қашықтықта, Каспий теңізінің акваториясында орналасқан, Орталық Азиядағы алғашқы теңізде балық өсіру фермасының жұмысымен танысты.
Жоба Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру, аквашаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылуда. Жоспарға сай тор қоршамаларға 6 000 кг шамамен 30 000 дана албырт балығының шабағы салынды. Бұған дейін жобаны іске асырушы «Organic Fish» ЖШС теңіздегі тор қоршамаға 30 мың дана балық шабағын жіберген болатын.
Сапар барысында аймақ басшысы теңіз аквашаруашылығы саласының елімізде алғаш рет дамып жатқанына тоқталып, бұл жобаның Маңғыстау облысының экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие екенін айтты.
- Бұл Қазақстандағы теңізде балық өсірудің алғашқы тәжірибесі. Жоба өңір экономикасын дамытуға, агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және заманауи, жоғары технологиялы сектор құруға мүмкіндік береді, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Ферма биыл іске қосылған алғашқы ірі нысандардың бірі саналады. Орта Каспийге диаметрі 120 метр, тереңдігі 25 метр болатын норвегиялық тор қоршамалары орнатылған. Каспийдің таза суы, тұрақты табиғи ағыстары және экологиялық қолайлы жағдайы албырт тұқымдас балықтарды өсіруге ерекше мүмкіндік береді.
Фермаға балық жіберу жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асуда. Жалпы жыл соңына дейін 20 тоннаға дейін албырт балығын тор қоршамаларға жіберу көзделіп отыр. Компанияның жоспарына сәйкес, 2026 жылы – 300 тонна, ал 2029 жылға қарай жылына 5 000 тоннаға дейін балық өндіру жоспарлануда. Бұл – Қазақстанда теңізде балық өсірудің алғашқы тәжірибесі әрі Орталық Азиядағы теңіз аквашаруашылығы бағытындағы тұңғыш жоба.
Аймақ басшысы жобаның Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне, импортты алмастыруға және жоғары технологиялы жаңа саланың қалыптасуына қосатын үлесін жоғары бағалап, ферманың жұмысына сәттілік тіледі.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі