
Бүгін, 12 желтоқсан күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен Маңғыстау облыстық мәслихатының кезекті XXIV сессиясы өтті. Күн тәртібінде 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасы, бюджетаралық трансферттер, облыстық бюджетке өзгерістер енгізу, 2026-2030 жылдарға арналған өңірді дамыту бағдарламасы мәселелері қаралды.
Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма және департамент басшылары, қала және аудан әкімдері, мәслихат депутаттары қатысты.
Маңғыстау облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілеген Едігеев 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасы жөнінде баяндама жасады. Баяндамада жергілікті бюджеттің әлеуметтік салаларға, атап айтқанда білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, спорт, мәдениет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа бағытталуы туралы толық ақпарат берілді.
Инфрақұрылымдық жобаларға да ерекше көңіл бөлінді: су және жылу желілерін жаңғырту, ауылішілік және аудандық жолдарды жөндеу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, мектептер мен әлеуметтік нысандар салу жоспарланған.
Сессия қорытындысы бойынша депутаттар облыстық бюджет жобасын мақұлдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған шешімдер қабылдады.
Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұсынылған бюджет жобасын жүзеге асыру өңірдің одан әрі дамуына, әлеуметтік нысандарды қолдауға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға жол ашатынын атап өтті. Ол облыстық мәслихат депутаттарына көрсеткен қолдауы мен жемісті жұмысы үшін алғыс білдірді.
– Қазіргі таңда өңірімізде Мемлекет басшысының және Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Сіздердің қолдауларыңызбен тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта да бірлескен еңбектің арқасында әлеуметтік салаларды нығайтып, инфрақұрылымдық жобаларды табысты жүзеге асырамыз деп сенемін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі