
Бүгін, 11 желтоқсан күні Жаңаөзен қаласында 2006-2008 жылдары туған жастар арасында алғаш рет дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп жатыр. Жарысқа еліміздің 3 республикалық маңызы бар қаласы мен 17 облысынан келген шамамен 600 спортшы қатысуда.
Турнир төрт күн бойы өтіп, жеке және командалық кездесулерді қамтиды. Чемпионат қорытындысы бойынша алғашқы үш орынды алған спортшылар Қазақстан Республикасының құрамасына енеді.
Чемпионаттың ашылу рәсіміне Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Тимур Болат қатысты.
Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай өз кезегінде Жаңаөзенде жарыстар өткізу өңір үшін маңызды екенін айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға және мықты ұлттық құраманы тәрбиелеуге барлық жағдай жасалып жатыр. Жаңаөзенде алғаш рет жастар арасында Қазақстан чемпионатын өткізу – біздің өңір үшін маңызды оқиға. Бұл Маңғыстау ірі спорттық шараларды қабылдай алатынын және жас, талантты спортшыларды қолдауға дайын екенін көрсетеді. Бүгінгі жарыстар жас дзюдошыларға жақсы мотивация болатынына және бұл спорт түрінің облыста әрі қарай дамуына ықпал ететініне сенімдімін», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Өз кезегінде Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Тимур Болат өңірлерде чемпионат өткізу мен жастарды қолдаудың маңыздылығына тоқталды
«Бүгін Жаңаөзен қаласына республика бойынша ең мықты жас спортшылар жиылды. Жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының дәл осы қалада өтуі – ерекше оқиға. Бұл жарыстар дзюдоның дамуына жаңа серпін беріп, болашақ чемпиондардың қалыптасуына ықпал етеді. Федерация жас спортшыларды қолдауды әрі қарай да жалғастырады және олардың кәсіби өсуі үшін барлық жағдайды жасайды», – деді Тимур Болат.
Чемпионат Маңғыстаудың спорттық өмірі үшін маңызды оқиғаға айналып, өңірдегі жастар арасында дзюдоның дамуына жаңа серпін береді. Адал бәсекелестік атмосферасы, қатысушылардың жоғары даярлығы және жанкүйерлердің қолдауы бұл спорттық шараны нағыз есте қаларлық етті.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі