
Бүгін, 11 желтоқсанда Жаңаөзен қаласы, Рахат ауылында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында №25 жалпы білім беретін мектептің ашылуы өтті. Бұл – Маңғыстау облысында аталған жоба бойынша ашылып отырған он екінші мектеп.
Заманауи мектеп 1 200 оқушыға арналған. Жалпы аумағы 13 мың шаршы метрден асатын білім ордасында 61 пән кабинеті бар. Олардың қатарында дизайн және технология, тамақтану мәдениеті, визуалды өнер, үй мәдениеті, робототехника, STEM және музыка кабинеттері қамтылған. Мектеп қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға барлық мүмкіндік жасалған.
Салтанатты іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу ордасының ашылуымен құттықтады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірімізде жаңа үлгідегі заманауи мектептер бой көтеріп жатыр. Бұл – балалардың сапалы білім алуына, кәсіби бағдарын ерте айқындауға мүмкіндік береді. Осындай игі бастамалар арқылы Жаңаөзен қаласы мен ауылдар арасындағы білім сапасының теңдігін қамтамасыз етуге жол ашылады», – деді аймақ басшысы.
Мектеп ерекше білімді қажет ететін балалар үшін де қолайлы жағдаймен қамтылған. Сенсорлық бөлме мен инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті жұмыс істейді, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы жеделсаты орнатылған.
Оқушылардың қауіпсіздігі басты назарда – ғимаратта 126 бейнекамера орнатылып, ауласында балаларға арналған ойын және спорт алаңдары салынған.
Айта кетейік, бұған дейін өңірде «Келешек мектептері» жобасы аясында 10 мыңнан астам оқушыға арналған 11 мектеп ашылған болатын. Жылдың соңына дейін Ақтау қаласында тағы бір мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі