Нұрдәулет Қилыбай бизнес өкілдерімен кездесті

Нұрдәулет Қилыбай бизнес өкілдерімен кездесті

10 желтоқсанда, Маңғыстау облысының кәсіпкерлер Палатасында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өңір бизнес өкілдерімен кездесуі өтті. Іс-шараға шағын және орта бизнес субъектілері, салалық қауымдастықтар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Кездесу барысында өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту, іскерлік ахуалды жақсарту, сондай-ақ бизнесті қолдауға бағытталған механизмдер сөз болды.

Жиында кәсіпкерлер Палатасының директоры Аққу Айтжанова 2025 жылдың 10 айындағы негізгі көрсеткіштерді ұсынды. Оның айтуынша, биыл кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша 272 өтініш қаралып, соның 184-і оң шешілген. Қорғалған құқықтардың жалпы көлемі 950 млн теңгеден асты. Сонымен қатар 115 кәсіпкер мемлекеттік сатып алулардағы «қара тізімнен» шығарылды.

Өңірдегі кәсіпкерлікті сервистік қолдау жалғасып жатыр. «Маңғыстау» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жыл басынан бері 2744 қызмет көрсетіп, 277 жобаны аяқтаған. Кәсіпкерлер үшін оқыту, менторлық және халықаралық көрмелерге қатысу сияқты қаржылық емес қолдау түрлері күшейтіліп отыр. Форумдар нәтижесінде өңірден шыққан кәсіпкерлер Франциядағы ірімшік чемпионатында жүлде иеленіп, алда Ақтауда сүт және ірімшік индустриясына арналған халықаралық форум өткізу жоспарланып отыр.

Кездесу барысында салалық кеңес өкілдері өңдеу өнеркәсібі, медицина, білім беру, туризм, агроөнеркәсіп, көлік және логистика, мемлекеттік сатып алу салаларындағы мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді.

Облыс әкімі өз сөзінде кәсіпкерлік – ел экономикасының тірегі екенін айта келе, билік пен бизнес арасындағы сындарлы диалогтың маңыздылығына тоқталды.

- Жұмыс орындарын ашу, отандық өндірісті ілгерілету, инвестициялық тартымдылықты арттыру – барлығы кәсіпкерліктің дамуымен тығыз байланысты. Сондықтан біз бизнес өкілдерімен үнемі байланыста болып, олардың ұсыныс-пікірлерін ескеріп отырамыз. Алайда, кейбір компаниялар біздің өңірде жұмыс істей отырып, кәсібін ресми басқа қалада тіркейді. Бұл — бюджет кірісінің азаюына әкеледі. Сондықтан жергілікті жерде жұмыс істейтін компаниялар Маңғыстауда тіркелуі тиіс. Біз өз кәсібін өрбітемін деген кәсіпкерлерге заң аясында қолдау көрсетуге дайынбыз», — деді облыс әкімі.
Жиын соңы кәсіпкерлермен сұрақ-жауап форматына ұласты. Көтерілген сауалдар кездесу хаттамасына енгізіліп, қолданыстағы заң аясында шешілетіндігі айтылды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі