Маңғыстауда қысқы маусымға дайындық және қауіпсіздік шаралары талқыланды

Маңғыстауда қысқы маусымға дайындық және қауіпсіздік шаралары талқыланды

Бүгін, 8 желтоқсанда облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Маңғыстау облысының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиында өңірдің қыс мезгіліне дайындығы, көпқабатты тұрғын үйлер маңындағы өрт қауіпсіздігі және биологиялық қауіпсіздік мәселелері талқыланды.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңірде жылыту маусымы белгіленген мерзімде басталып, бірқалыпты өтіп жатыр. Инженерлік инфрақұрылымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу, су, газ және электр желілері жаңартылды. Ақтауда жылу беру кезінде анықталған 259 ақаудың барлығы жойылды.

Өңірдегі республикалық, облыстық және аудандық жолдардың қысқы күтімге әзірлігі сақадай сай. Қажетті материалдар мен техникалар дайындалған. Маңғыстау жолдарын күтіп-ұстау жұмыстарына 412 жұмысшы мен 155 техника жұмылдырылған. Қысқы жағдайға қарсы инертті материалдар, жанар-жағармай қорлары толық дайын, жолдар бойындағы су өткізгіш құбырлар тазартылған.

Сондай-ақ Ақтауда биік тұрғын үйлердің көбеюіне байланысты өрт сөндіру техникаларының аулаларға еркін кіруі бойынша мәселе бар. Осыған байланысты қала әкімдігіне биік үйлердің аумақтарында өрт техникасына арналған арнайы жолдар мен алаңдарды белгілеу ұсынылған.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхтар Сербаев өңірде санитариялық-эпидемиологиялық жағдай жалпы тұрақты болғанымен, ЖРВИ, тұмау, тағамнан улану және В гепатиті сияқты аурулар бойынша өсім байқалғанын баяндады. Сондай-ақ оба, тырысқақ, сібір жарасы, көкжөтел және бірқатар қауіпті аурулар тіркелмеген.

Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты мекемелерге қысқы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өрт және биологиялық қауіптердің алдын алу бойынша нақты тапсырмалар берді.

«Өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Әрбір адамның өмірі мен денсаулығы маңызды. Осыған байланысты барлық жауапты мекемелерге өздеріне жүктелген міндеттерді толық әрі уақытылы орындауды тапсырамын», – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі