
Бүгін, 5 желтоқсан күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласының тұрғындарымен кездесті. Жиында қала әкімі Әбілқайыр Байпақов Ақтаудың 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарлары туралы баяндама жасады.
Қала әкімінің айтуынша, қазіргі таңда Ақтау қаласының халқы 303 752 адамға жетті. Бұл – облыс тұрғындарының 40 пайызы. Биыл жалпы құны 94,37 млрд теңгені құрайтын 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның 8-і іске қосылды. Мұнай-химия, металл және мұнай-газ жабдықтары өндірісі, логистика, қонақ үй бизнесі және сауда салалары дамып келеді. Қалған 4 жоба жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Инженерлік инфрақұрылымды күшейту мақсатында қалада қуаттылығы жоғары екі қосалқы электр станциясы іске қосылды. Сонымен қатар 77 шақырымдық электр желісі жаңартылуда. Жаңа шағынаудандарға электр желілері тартылып, жұмыс 96 пайызға орындалды. Бұл ретте тозығы жеткен желілер кезең-кезеңімен ауыстырылып жатыр. Сонымен қатар 16 шағынауданда су, жылу және кәріз жүйелерінің құрылысы толық аяқталды. Қазіргі уақытта орталық кәріз коллекторын жаңарту жобасы жүзеге асуда. Ақжелкен тұрғын массивіне газ желісі іске қосылса, Өмірзақ ауылында кәріз жүйесіне қосу жұмыстары аяқталды.
2025 жылы Ақтауда ауыз су тапшылығы тіркелмеді. «Каспий» су тұщыту зауытының қуаты ұлғаюда. Бұған қоса қуаттылығы жоғары жаңа су тұщыту қондырғылары іске қосылды. Халық санының өсуін ескере отырып, «Каспий» зауытын тәулігіне 100 мың текше метр су өндіруге дейін кеңейту жобасы әзірленуде.
Қаладағы жылу жүйесі де жаңартылып отыр. 9 модульді және 20 автономды қазандық пайдалануға беріліп, жылу жүйесінің жүктемесін өтеуге мүмкіндік жасалды. 2024 жылы 12 шағынауданда 503 басқару торабы орнатылып, жылу үнемі 10-15%-ға артқан. Биыл тағы 170 торап орнатылады. Бұған қоса 3А, 3Б және аурухана қалашығы аудандарында 10,2 шақырым желі жаңартылды. Алдағы уақытта жоғарғы шағынаудандарда жаңа қазандық салу жоспарланып отыр.
Қаладағы көлік инфрақұрылымы да жақсарып келеді. Биыл 100 аялдама орнатылды: оның 79-ы жаңадан салынса, 21-і жаңғыртылды. Келер жылы қажеттілік бар аумақтарда тағы 20 аялдама орнатылады. Сондай-ақ биыл қоғамдық көлік паркі 100 пайыз жаңартылды.
Жол қауіпсіздігі мен көлік ағынын реттеу мақсатында 9 772 шаршы метр жолақтар суық пластикпен, 1 500 шаршы метр таңбалар термопластикпен жаңартылды. 18 719 шаршы метр аумақта шұңқырлы жолдар жөнделді. Сонымен қатар 15, 16, 20, 20а, 28а және 29 шағынаудандарда кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жолдар қайта салынды, тұрақтар кеңейді, ойын алаңдары, жарықтандыру мен көгалдандыру жақсарды.
Білім саласы да қарқынмен дамып келеді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында биыл екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. 2026 жылы тағы 1 мектеп ашылмақ.
Кездесу барысында тұрғындар жұмыспен қамту, шағын кәсіпті дамыту, спорт, денсаулық сақтау және түрлі әлеуметтік мәселелерді көтерді. Өңір басшысы әр сұрақты жеке тыңдап, мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
- Бүгін сіздер көтеріп отырған мәселелердің барлығы – қала тұрғындары үшін маңызды. Әрбір сұрақ назарымыздан тыс қалмайды. Мәселелердің күрделілігіне қарай олар кезең-кезеңімен шешімін табады. Біз үшін басты міндет – тұрғындардың қажеттілігіне дер кезінде жауап беру, халықпен бірге жұмыс істеу. Сол себепті сіздермен ашық диалогты жалғастырып, Ақтаудың дамуын бірге ілгерілететін боламыз,– деді Нұрдәулет Қилыбай.
Кездесу соңында облыс әкімі көтерілген мәселелер бойынша тиісті басқармалар мен қала әкімдігіне нақты тапсырмалар берді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі