
3 желтоқсан күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мұнайлы ауданы тұрғындарымен кездесті. Жиында барысында аудан әкімі Қанат Құлжанов ауданның 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасап, негізгі бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды.
Мұнайлы ауданы – Маңғыстау облысындағы халқы ең көп әрі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Бүгінде ауданда 170 мыңнан астам тұрғын бар. Соңғы жылдары ауданда құрылыс, инфрақұрылым, кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандарды дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып, жаңа өндіріс орындары ашылуда.
Аудан әкімінің мәліметінше, қазіргі таңда Мұнайлыда 11 017 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, ауыл шаруашылығы саласында 265 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. Мал басының саны 37 мыңнан асады. Сондай-ақ 49 егін шаруа қожалығынан 4500-5000 тоннаға жуық көкөніс және бақша өнімдері алынды.
Мұнайлы ауданында инфрақұрылымды дамыту бағытында ауыз су, жол және инженерлік желілер бойынша негізгі жобалар жүзеге асырылуда. Тәулігіне 22-24 мың текше метр ауыз су жеткізіліп, оны тұрақты қамтамасыз ету мақсатында үш су жобасы іске асуда. Жол саласында 7,7 шақырымдық жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен бірге 121 шақырым кәріз желісінің құрылысы 95%-ға орындалып, жыл соңына дейін толық аяқталуы күтіледі. Сондай-ақ аудандағы «Маңғыстау» теміржол вокзалы қайта жаңғыртылуда.
Білім беру саласында ауданда «Келешек мектептері» жобасы аясында 2025 жылы үш жаңа мектеп ашылып, үш ауысымды оқыту жойылды. Сонымен қатар 15 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал денсаулық сақтау саласында биыл 150 төсек-орындық орталық аурухана іске қосылды. Аурухана заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, күрделі медициналық қызметтерді аудан ішінде көрсетуге мүмкіндік береді.
Ауданда 2025-2028 жылдары бірнеше ірі инвестициялық жобалар іске қосылмақ. Олардың қатарында металл ұнтақтарын өндіру, тұрмыстық химия және инкубациялық жұмыртқа өндірісі, мұнай-газ өңдеу кешені, құбыр өнімдерін шығаратын зауыт, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, минералдық шикізат өндіру және заманауи қонақ үй мен жазғы лагерь құрылыстары бар. Жобалар ауданда жаңа жұмыс орындарын құрып, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз етеді.
Кездесу барысында тұрғындар жолдардың сапасы, қоғамдық көлік тапшылығы, су мәселесі, аулаішілік инфрақұрылым, балаларға арналған секциялар жеткіліксіздігі және денсаулық сақтау қызметінің сапасы сияқты әлеуметтік мәселелерді көтерді. Өңір басшысы әрбір сұраққа жеке тоқталып, мәселенің шешілу жолдары бойынша түсініктеме берді.
- Ауданда түрлі ірі жобалар мен жұмыстар жүзеге асырылуда. Алайда әлі де шешімін күтіп тұрған мәселелер барын білеміз. Мұнайлы – халық саны жыл санап артып келе жатқан ірі аймақ, сондықтан инфрақұрылымды жаңарту кезең-кезеңімен жалғасатын болады, – деді Нұрдәулет Қилыбай
Кездесу соңында облыс әкімі жиында көтерілген мәселелер бойынша жауапты басқармалар мен аудан әкімдігіне нақты тапсырмалар жүктеді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі