
Бүгін, 2 желтоқсан күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте 2025–2026 жылдарға арналған жылыту маусымының өту барысы, Ақтау қаласының қысқы дайындық деңгейі және мемлекеттік қызметтердің сапасы қаралды.
Жиында облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов және цифровизацияны дамыту және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің басшысы Роза Мұғалова атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы ақпарат берді.
Баяндамаға сәйкес, өңірдегі жылыту маусымы тұрақты режимде өтуде. Жалпы облыс бойынша 407 автономды қазандық, 334 білім беру, 105 денсаулық сақтау мекемесі және 1930 көппәтерлі тұрғын үй жылумен қамтылған. Ақтауда анықталған 259 ақаудың барлығы қалпына келтірілді.
Қала әкімі Әбілқайыр Байпақов биыл жылу беру 7–10 қазан аралығында басталғанын атап өтті. Жылу желілерінде анықталған 493 ақау дер кезінде жойылған. МАЭК 300 гигакалория жылу беруде, алайда қаланың қажеттілігі — 745 гигакалория. Дефицитті азайту үшін блокты-модульді қазандықтар іске қосылып, қосымша 67 гигакалория өндіріліп жатыр. Электр желілерін жаңарту жұмыстарының 17,1 км аяқталып, қалған бөлігі жыл соңына дейін толық бітіру жоспарланған.
Өңір басшысы тұрғын үйлердің қысқы маусымға дайындығына ерекше назар аударуды тапсырды.
- Тұрғын үйлер толық жылумен қамтамасыз етілді дегенмен, іс жүзінде бірқатар үйлердің дайын еместігі анықталды. Тұрғындар өз наразылықтарын әлеуметтік желілер арқылы жазуда. Яғни жекелеген үйлерде жылу мәселелері бар екені көрініп отыр. Мұндай мәселелер назардан тыс қалмауға тиіс. Тұрғын үйлерге қызмет көрсететін ұйымдардың жауапкершілігін күшейтіп, олардың жұмысын қатаң бақылауға алыңыздар», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Цифровизацияны дамыту және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің басшысы Роза Мугалованың айтуынша, 2025 жылы облыста 7,7 млн мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 98,2%-ы электронды форматта іске асқан. Мерзім бұзушылықтар саны бір жылда 4 есеге азайған: 2024 жылғы 106 жағдайдан 2025 жылы 25 жағдайға дейін төмендеген. Ереже бұзған қызметкерлерге тәртіптік шаралар қолданылған.
Жиын қорытындысында облыс әкімі жылыту маусымының барысын тұрақты бақылауда ұстауды, тұрғындардың шағымдарына жедел әрекет етуді және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі