
Бүгін, 2 желтоқсан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Amanat» партиясының ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Кездесуге келген тұрғындар әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, денсаулық сақтау және инфрақұрылымға қатысты түрлі мәселелерін ортаға салды.
Тұрғындардың бірі қала аумағынан «ана болу мектебін» ашуға жер телімін бөлуді сұраса, тағы бірі өңірдегі туризм саласын дамыту шеңберінде ұлттық сувенирлік өнімдерді сатуға арналған арнайы орындар ашу жөнінде ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ қабылдауда еңбек саласына қатысты мәселелер де көтерілді: теміржол саласында көп жыл қызмет еткен азамат жұмыстан шеттетілуіне байланысты әділдік сұрап келді.
Облыс әкімі барлық ұсыныстар мен өтініштерді мұқият тыңдап, заң аясында шешім қабылдау үшін жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі