
Бүгін, 1 желтоқсан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Грузияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Леван Диасамидзе бастаған делегациямен кездесті.
Тараптар Маңғыстау облысы мен Грузия арасындағы экономикалық, көлік-логистикалық, туристік және мәдени бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстаудың инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, өңірдің географиялық орналасуы, көлік инфрақұрылымы және қолайлы инвестициялық ахуалы екі жақты серіктестік үшін маңызды фактор екенін айтты.
– Маңғыстау өңірі – еліміздің өнеркәсіптік орталықтарының бірі. Біз мұнай-газ, көлік-логистика, туризм, өңдеу өнеркәсібі және агроөнеркәсіп салалары бойынша өзара тиімді жобаларды дамытуға мүдделіміз. Әсіресе Каспий арқылы транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту бағытында бірлескен бастамаларға ашықпыз, – деді аймақ басшысы.
Кездесуде Каспий теңізі арқылы Құрық – Алят (Әзербайжан) бағытында тұрақты теңіз паром қатынасын ұйымдастыру жобасы талқыланды. «Georgian Industrial Group» бастамасымен іске асырылып жатқан жоба аясында 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында екі паромды іске қосу жоспарлануда. 2027 жылға қарай паром флоты алты кемеге дейін ұлғаймақ. Бұл Каспий бағытындағы жүк тасымалы көлемін арттыруға, порт инфрақұрылымын дамытуға және «Транскаспий халықаралық көлік бағытының» тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Елші Леван Диасамидзе Грузияның көлік, логистика және туризм салаларында Қазақстанмен, соның ішінде Маңғыстау облысымен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы мен Грузия арасындағы 2025 жылдың қаңтар-қазан айларындағы сыртқы сауда айналымы 1,9 млн АҚШ долларын құрады. Бүгінде өңірде грузин капиталының қатысуымен 51 кәсіпорын жұмыс істейді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі