
Бүгін, 28 қараша күні «Ақтау – Түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы» жылының жабылуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов қатысып, жиналған көпшілікті облыс әкімі Нұрдәулет Игілікұлының атынан құттықтады.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәдени астана мәртебесі өңір үшін құрмет қана емес, сонымен бірге түркі әлемінің бай мұрасын кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Тарихи қала осы жауапкершілікті абыроймен атқарып, өзіне жүктелген міндетті жоғары деңгейде орындады деп нық сеніммен айта аламыз. Жобаның табысты жүзеге асуына Президентіміздің түркі мемлекеттерінің бірлігін нығайтуға, гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған тұрақты мәдени саясаты айрықша рөл атқарды. Президенттің мәдениет, ғылым мен білім, жастар алмасуы салаларындағы нақты бастамаларға негізделген түркі интеграциясы жөніндегі маңызды ұстанымы бүкіл түркі әлемінде кең қолдау тауып, жоғары бағаланды. Ақтауда жүзеге асқан ТҮРКСОЙ жобалары Мемлекет басшысы бастамаларының нақты нәтижеге айналып, бауырлас халықтарды бұрынғыдан да жақындастыра түскенін айқын көрсетті», – деді министр.
Жыл бойы Ақтауда мыңдаған әртістерді, ғалымдарды және қонақтарды біріктірген 30-дан астам ірі халықаралық іс-шара өтті. Олардың қатарында музыка, эпос, фольклор және би фестивальдері, шығармашылық симпозиумдар мен ғылыми конференциялар, сондай-ақ балалар мен жастарға арналған түрлі байқаулар бар.
Сонымен қатар жыл аясында өткен маңызды іс-шаралардың бірі – 7 елден келген 9 театр қатысып, үш мыңнан астам көрермен тамашалаған III Халықаралық театр фестивалі. Сондай-ақ 47 конкурстық фильм ұсынылған, түркі кинематографистері үшін шығармашылық маңызды алаңға айналған «Қорқыт ата» Халықаралық кинофестивалі де аншлагпен өтті.
Көркем дүниелері мен жарқын қойылымдары көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, ерекше әсер қалдырған «Көшпенді қуыршағы» Бірінші Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі де айрықша орын алады.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов өз сөзінде бұл жыл өңіріміз үшін ғана емес, бүкіл түркі жұрты үшін маңызды бетбұрыс жыл болғанын айтып, облыс әкімінің атынан құттықтады.
«Бүгін біз Ақтау қаласының 2025 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін абыроймен атқарып шыққан тарихи кезеңін қортындылауға жиналып отырмыз! Бұл жыл өңіріміз үшін ғана емес, бүкіл Қазақстанымыз, түбі бір түркі жұрты үшін маңызды бетбұрыс жылы болды. Біздің мақсат – тек өткенді дәріптеп қоймай, ортақ мұрамызды келешек ұрпаққа жеткізу, сол арқылы бауырлас жұрттардың болашақтағы ынтымағын нығайту. Бұл ынтымақтастық – ертеңгі тұрақты бірліктің кепілі! Баршаңызға бір жыл бойы бізбен бірге болып, жоғары мәдениет пен түркі дәстүріне адалдық үлгісін көрсеткендеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін! Түркі дүниесінің береке-бірлігі артып, руханият шамшырағы биікте жарқырай берсін! Түркі әлемінің мәдени астаналарының шеруі бар салтанатымен жалғасын таба берсін!» – деді Ербол Ізбергенов.
Ақтауда жүзеге асырылған жұмыс халықаралық деңгейде жоғары бағасын алды. ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев қала бүкіл түркі қауымдастығы үшін бауырластықтың және жаңа мүмкіндіктердің символына айналғанын жеткізді.
«Бүгін біз Каспийдің көгілдір толқынына көз тастап тұрып, бір жылдың тарихын, бірліктің шежіресін ой елегінен өткізіп тұрмыз. Бұл жыл – жүректерді жақындатқан, бауырластықты биіктеткен, Ақтаудың Түркі әлемінің мәдени астанасы атанған қасиетті жыл болды. Күн астында көк ту желбіреп, жер бетінде бауырлас жұрттың әуені шырқалды. Жыр мен күй, би мен сөз – бәрі де ортақ рухымыздың үнін жеткізді», – деді Сұлтан Раев.
Салтанатты іс-шара Гала-концертпен жалғасты. Оған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан 300-ден астам әртіс қатысып, көрерменге вокалдық және би қойылымдарын ұсынды. Концерт бағдарламасы түркі елдерінің сахналық өнерінің алуантүрлілігін паш етіп, мерекелік көңіл күй мен шығармашылық бірлік атмосферасын қалыптастырды.
Концерттік бағдарламадан кейін «Түркі әлемінің 2026 жылғы мәдени астанасы» атағын тапсыру рәсімі өтті. Ақтау қаласының әкімі бұл мәртебелі атақты Өзбекстанның Әндіжан қаласының хокиіміне табыстады.