Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзен қаласы тұрғындарының мәселесін тыңдады

Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзен қаласы тұрғындарының мәселесін тыңдады

21 қараша күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзен қаласына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен есептік кездесу өткізді. Жиын барысында қала әкімі Жансейіт Қайнарбаев қаланың 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлары жөнінде баяндама жасады.

Қала әкімінің мәліметінше 150 мыңнан астам халқы бар Жаңаөзенде соңғы жылдары жаңа әлеуметтік нысандар салынып, инженерлік инфрақұрылым жаңартылып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда.

Ауыл шаруашылығы бойынша Жаңаөзен қаласында 22 шаруа қожалығы жұмыс істейді, 13 520 мал басы тіркелген. Биыл қала бойынша 7 жылыжай 1,5 га жерге егін егіп, 54 тонна өнім өндірді. Қалада кәсіпкерлік пен туризм салалары да қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда 11 954 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. «Бизнесті қолдаудың ұлттық жобасы» аясында 37 жобаға 1,4 млрд теңге қолдау көрсетілді. Туризм бағыты бойынша Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес Кендірлі курорттық аймағын дамыту бағытында қажетті инфрақұрылымдарды жобалау, жол және инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Кендірлі аумағында қонақ үйлер, демалыс аймақтары және сервистік нысандар салуды көздейтін Мастер жоспар бекітілді. Сонымен қатар «Жетібай – Жаңаөзен – Кендірлі – Түркіменстан шекарасы» автожолының құрылысы басталып, жаңа әуежай салу жұмыстары қарқын алды.

Экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған инвестициялық жобалар да қарқынды іске асуда. 2024-2026 жылдары жүзеге асатын 23 жобаға 332 млрд теңге инвестиция тартылған. Ірі жобалардың қатарында ENI компаниясының гибридті электр стансасы, «KazPetroDrilling» АҚ зауыты, құс фабрикасы және «TestCom OZEN» металлургия зауыты бар. Бұл жобалар қаланың өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етеді.

Білім беру саласындағы оң өзгерістер әлеуметтік даму көрсеткіштерін толықтырып отыр. Биыл үш жекеменшік мектеп ашылып, «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен жаңа жапсаржай іске қосылды. Бірқатар білім нысандарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, келешекте оқушы орны тапшылығын болдырмау үшін қосымша жапсаржайлар салу жоспарланып жатыр. Бұдан бөлек «ӨзенМұнайГаз» АҚ қаржыландырып отырған Оқушылар сарайының құрылысы жалғасуда.

Әкіммен кездесу барысында тұрғындар жұмыспен қамту, шағын кәсіпті дамыту, спорт, денсаулық сақтау және өзге де әлеуметтік мәселелерді көтерді. Өңір басшысы әр сұраққа жеке тоқталып, мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.

«Қалада шешімін күтіп тұрған мәселелер бар, олардан хабардармыз. Бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біздің басты мақсатымыз – халықтың өмір сүру сапасын арттыру және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Осы бағытта әрбіріңіздің ұсыныстарыңыз ескеріліп, жоспарлы түрде жүзеге асырылады», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Кездесу соңында облыс әкімі жиында көтерілген мәселелер бойынша тиісті басқармалар мен қала әкімдігіне тапсырмалар жүктеді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі