Облыс әкімі қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті

Облыс әкімі қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті

Бүгін, 19 қараша күні, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай облыстық Қоғамдық кеңестің жаңарған мүшелерімен кездесу өткізді. Жиын барысында кеңес мүшелері өңірдің инфрақұрылымдық және әлеуметтік мәселелеріне қатысты бірқатар ұсыныстарын айтып, аймақтың дамуына қатысты ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

Қоғамдық кеңес мүшелері мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын ашу, теңіз жағалауында балалар демалыс алаңын ұйымдастыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту, жылу және сумен қамтамасыз ету мәселелерін жақсарту бойынша ұсыныс-пікірлерін айтты.

Облыс әкімі өңірде бұған дейін басталған жұмыстың жалғасатынын, өндіріс, туризм, көлік-логистика салаларына, инвестиция тартуға, инфрақұрылымдық жобаларға айрықша көңіл бөлінетінін жеткізді.

- Қоғамдық кеңестің өңірдің өзекті мәселелерін шешудегі рөлі жоғары. Басты мақсат – азаматтардың пікірін ескеріп, жұмыс үдерісін барынша ашық ету. Инклюзивті білім беру, коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым мен цифрландыру – күн тәртібіндегі негізгі бағыттар. Президентіміз атап өткендей, біз әділетті қоғам қағидаларын берік ұстанып, кез келген түйткілді мәселелерді шешуде ауызбіршілік танытуымыз керек,- деді Нұрдәулет Қилыбай.

Кездесуде сөз сөйлеген облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов қоғамдық кеңес мүшелері жергілікті биліктің бастамаларын қолдайтынын, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.