17 қараша күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қарақия ауданына жұмыс сапарымен барып, ауданында қызмет ететін ірі өндірістік мекемелермен жергілікті жұмыссыз тұрғандарды жұмыспен қамту және халыққа әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі бойынша жиын өткізді. Сонымен қатар Жетібай ауылына барып ақсақалдармен және жұмыссыз азаматтармен кездесті.
Ірі өндірістік мекеме басшыларымен кездесуде аудан әкімінің орынбасары М. Төлегенов жыл соңына дейін және 2026 жылы табиғи кему есебінен босайтын орындарға қатысты кәсіпорындардың жоспарланған вакансиялары туралы ақпарат берді. Сонымен бірге өрт сөндіру қызметі мен шекара бөлімшесіндегі бос жұмыс орындары таныстырылды.
Кездесуде Нұрдәулет Қилыбай жұмыссыздар мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты күшейту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар өңірде жұмыс істейтін кәсіпорындардың әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға үлес қосудың маңыздылығын айтты.
- Қарақия ауданында жұмыс істеп тұрған барлық мұнай-газ және өндірістік кәсіпорындар босайтын жұмыс орындарын белгіленген мерзім ішінде Қарақия аудандық Мансап орталығына ұсынуы тиіс. Сондай-ақ ұсынылған вакансияларға тестілеуден немесе сұхбаттасудан өтпей қалған азаматтарға да мүмкіндік берілуі керек. Компаниялар өз қаражаты есебінен мұндай азаматтарды қысқа мерзімді курстарда оқыту немесе балама үміткерлерді қарастыру арқылы жұмысқа қабылдауды қамтамасыз етсін. Біздің басты мақсатымыз — аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуды арттыру, жергілікті кадрлардың әлеуетін көтеру» — деді облыс әкімі.
Осыдан кейін облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жетібай ауылының ақсақалдармен және жұмыссыз азаматтарымен кездесу өткізді. Бұл кездесу — бұған дейін аудан тұрғындарымен өткен жиында жетібайлық тұрғындардың өтініші бойынша берген уәдесі негізінде ұйымдастырылды. Жиында ауыл халқы негізінен жұмыссыздық және әлеуметтік мәселелерін көтерді. Аймақ басшысы аудан аумағында жұмыссыз тұрғындарды өндірістік кәсіпорындарға орналастыруды үйлестіретін арнайы жұмысшы тобы құрылғанын айтып, жұмысқа орналасу топ шешімімен әділ әрі ашық жүргізілетініне сенім білдірді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
