
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласының 30 еңбеккеріне мемлекеттік награданы табыстады. Олардың қатарында жылқы шаруашылығы саласы мен агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған Маңғыстау ауданы Сайөтес ауылындағы «Нақхан» шаруа қожалығының басшысы Мырзатай Қойшыбаев та бар.
Мырзатай Қойшыбаев 1992 жылы жеке шаруа қожалығын құрған. Осы жылдар аралығында асыл тұқымды «Адай жылқысын» өсірумен айналысады. Бүгінде шаруа қожалығы Маңғыстау облысы халқы мен өзге өңірлерді қымызбен қамтып отыр. Бүгінде Мырзатай Қойшыбаев 7 баланы тәрбиелеп отырған ардақты әке. Оның айтуынша, балаларының барлығы жеке кәсіппен айналысады.
-2017 жылы үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденіне ие болдым. Биыл міне осы орденннің екінші дәрежесін алып отырмын. Бұл тек менің жетістігім ғана емес, барлық осы салада еңбек етіп жүргеннің азаматтардың маңдай терінің жемісі. Ел игілігі үшін жасаған еңбекті бағалаған басшылыққа алғысымды білдіремін, - деді Мырзатай Қойшыбаев.