
Бүгін, 7 қараша күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Түпқараған ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында алдымен аудан әкімі Ержан Күмісқалиев ауданның 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасап, негізгі бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды.
Түпқараған ауданы – Маңғыстау облысының балық және ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, туризм саласы дамыған әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі. Бүгінде ауданда 41 мыңнан астам тұрғын бар. Кейінгі жылдары ауданда жаңа өндіріс орындары ашылып, инвестициялық жобалар жүзеге асуда, бұл аудан экономикасының тұрақты дамуына ықпал етіп отыр.
Аудан әкімінің мәліметінше, ауданда мал басының саны 79 мыңға жуықтап, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 7 млрд теңгеге жетті. Биыл 24 кәсіпкер өз ісін ашу және дамыту мақсатында 1,7 млрд теңгеге несие алып, 39 жаңа кәсіпкерлік нысан іске қосылды.
Балық шаруашылығы – аудан экономикасының басты тіректерінің бірі. Бұл бағытта бірнеше ірі инвестициялық жоба жүзеге асуда. Солардың қатарында швейцариялық серіктестікпен бірлескен «RED PEARL» бекіре өсіру және уылдырық өндіру кешені, албырт пен форель өсіруге бағытталған «SPA-сервис» ЖШС және «Jan Fish» кооперативі, сондай-ақ «Аташфишпром» ЖШС-ның балық өңдеу зауыты бар. Бұдан бөлек қытайлық «Gansu Joy Ecological Technology» компаниясы жылына 1 мың тонна бекіре балығын өсіру және 300 тонна уылдырық өндіру жобасын қолға алған.
Ауданда инфрақұрылымдық мәселелер де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Бүгінде барлық елді мекендер толықтай газбен қамтамасыз етілген. Форт-Шевченко қаласындағы теңіз суын тұщыту зауыты іске қосылып, тұрғындарға ауыз су үздіксіз жеткізілуде. Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарында электр қуатының тапшылығын жою мақсатында жаңа қосалқы станциялар пайдалануға беріліп, екі ауыл дербес энергиямен қамтылды.
Туризм саласында да жаңа жобалар қолға алынуда. Сайын Шапағатов ауылынан 43 шақырым теңіз жағалауында демалыс аймағын салу жобасы дайындалуда. Форт-Шевченко қаласы мен «Саура», «Шақпақ ата», «Тамшалы» тарихи-туристік нысандарына апаратын жолдар салынады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек «Голубая лагуна» аумағында 160 млн теңгеге «Glamp Mangystau» глэмпинг-қонақүй жобасы, ал Ақшұқыр ауылында 1,2 млрд теңгелік «Tau Teniz Resort» демалыс аймағының құрылысы басталды.
Ақшұқыр мен Сайын Шапағатов ауылдарында жаңа мектептер ашылып, аудандағы үш ауысымды оқыту мәселесі толық шешілді.«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 36 жас маманға қолдау көрсетілді.
Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. Медициналық ұйымдар автокөлікпен және кадрлармен толықтырылды. Баутино ауылындағы дәрігерлік амбулатория жөнделіп, Сайын Шапағатов ауылында жаңа медициналық нысанның құрылысы жоспарланып отыр. Сонымен қатар Ақшұқыр мен С.Шапағатов ауылдарында жеке медициналық орталықтар ашылып, инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
Кездесу барысында тұрғындар жолдардың сапасы, жұмыспен қамту, ауыз су тапшылығы, денсаулық сақтау және өзге де әлеуметтік мәселелерді көтерді. Өңір басшысы әрбір сұраққа жеке тоқталып, мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
«Атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Әрине, шешімін күткен мәселелер де бар, олардан бәріміз хабардармыз. Бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біздің басты мақсатымыз – халықтың өмір сүру сапасын арттыру және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Осы бағытта сіздердің әрбір ұсыныстарыңыз ескеріліп, жоспарлы түрде жүзеге асырылатын болады», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Кездесу соңында облыс әкімі жиында көтерілген мәселелер бойынша тиісті басқармалар мен аудан әкімдігіне тапсырмалар жүктеді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі