Нұрдәулет Қилыбай Түпқараған ауданында жаңа спорт кешенінің ашылуына қатысты

Нұрдәулет Қилыбай Түпқараған ауданында жаңа спорт кешенінің ашылуына қатысты

Бүгін, 7 қараша күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Түпқараған ауданына жұмыс сапарымен барып, Қызылөзен ауылында жаңадан салынған ангар типті спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты.

Жаңа спорт кешені ауыл тұрғындарының бұқаралық спортпен айналысуына, салауатты өмір салтын ұстануына және жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға зор мүмкіндік береді. Мұнда ауыл жастары футбол, волейбол, қазақша күрес, дзюдо, шахмат және басқа да спорт түрлерімен тұрақты түрде шұғылдана алады.

Аталған нысан «Ақтау BS Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан салынды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың наурыз айында басталып, сегіз ай ішінде толық аяқталған. Жалпы ауданы 1123 шаршы метрді құрайды.

Салтанатты шара барысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай ауыл тұрғындарын жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, оның ауыл өмірі үшін маңыздылығын атап өтті.

Жиында спорт ардагерлері мен ауыл ақсақалдары құттықтау сөз сөйлеп, жаңа кешеннің лентасы қиылды. Содан кейін қонақтар кешеннің ішкі бөліктерімен танысып, жас спортшылардың жаттығу барысын тамашалады.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі