Нұрдәулет Қилыбай Қазақстанда алғаш рет түйе сүтін автоматтандырылған әдіспен сауатын цехтың жұмысымен танысты

Нұрдәулет Қилыбай Қазақстанда алғаш рет түйе сүтін автоматтандырылған әдіспен сауатын цехтың жұмысымен танысты

Бүгін, 7 қараша күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Түпқараған ауданына жұмыс сапарымен барып, «Қызылсығыра» жерінде орналасқан «Қарағантүбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің түйе сауу цехының жұмысымен танысты. Бұл – Қазақстандағы түйе сүтін автоматтандырылған әдіспен сауатын алғашқы цех.

Аталған жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамыту және экологиялық таза өнім өндіру бағытындағы тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында іске асырылды.

Заманауи үлгіде жабдықталған цехта түйелерді автоматтандырылған жүйе арқылы сауу қарастырылған. Құрал-жабдықтар Германияда жасалған. Нысан тәулігіне 400 тоннаға дейін түйе сүтін өндіруге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 100 бас түйеден сүт алынса, болашақта түйе санын 2000 басқа дейін арттыру жоспарланып отыр.

Кәсіпорын толықтай тазартылған ауыз сумен және баламалы энергия көздерімен қамтамасыз етілген. Су 150 метр тереңдіктегі ұңғымадан алынып, сүзгі жүйесінен өтеді. Сондай-ақ қажетті электр қуаты күн панельдері арқылы өндіріледі.

Жобаны іске асыру барысында 15 адам жұмыспен қамтылды, ал цех толық іске қосылғанда тұрақты түрде 10 адам еңбек етеді.

Өңір басшысы жаңа цехтың іске қосылуы аудан экономикасының дамуына және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға оң ықпал ететінін атап өтті.

«Бұл жоба – өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Мұндай кәсіпорындар ауыл шаруашылығын заманауи технологиямен ұштастырып, экологиялық таза өнім өндіруге жол ашады. Ең бастысы – ауылдағы еңбек адамдары үшін жаңа мүмкіндік пен табыс көзі», – деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі