Маңғыстауда қуаттылығы 160 МВт болатын бу-газ қондырғысы салынады

Маңғыстауда қуаттылығы 160 МВт болатын бу-газ қондырғысы салынады
Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай China Huadian Corporation компаниясының вице-президенті У Цзинкэймен кездесті. Кездесуде тараптар өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Қытайлық инвестор Ақтау қаласы маңында қуаттылығы 160 мегаватт болатын бу-газ қондырғысын (ПГУ) салуды жоспарлап отыр. Жоба «Ақтаулық энергетикалық компания» ЖШС арқылы іске асырылады. Бірлескен кәсіпорынның құрылтайшылары – China Huadian Overseas Investment Company Limited (70%), «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ (20%) және «МАЭК» ЖШС (10%).

Жобаның жалпы құны 190 миллион АҚШ долларын құрайды. Нысанды 2027 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құрылыс кезінде 800-900 адам жұмысқа тартылса, нысан пайдалануға берілген соң тұрақты түрде 80-100 адам еңбек етеді.

Сонымен қатар, аталған компания МАЭК мекемесінің негізгі қондырғаларын жаңғырту бағытында жұмыстар жүргізуге қызығушылық танытанын мәлімдеді.

Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай жоба Маңғыстау облысының энергия қауіпсіздігін нығайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті.

«Өңір үшін стратегиялық маңызы бар жобаларды қолдауға әрқашан дайынбыз. Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту – экономиканың тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатының кепілі. Сондықтан бұл бастаманы жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетеміз», – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде China Huadian Corporation компаниясының вице-президенті У Цзинкэй жобаға қатысты жұмыстардың жоспарға сай жүріп жатқанын және қазақстандық серіктестермен өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі