
Астанада Қазақстанның жаһандық инвестициялар жөніндегі басты алаңы – «KGIR-2025» дөңгелек үстелі өтті. Шара ҚР Премьер-Министрінің жетекшілігімен ұйымдастырылып, инвесторлар мен халықаралық компаниялар бас қосатын маңызды диалог алаңына айналды.
Форумға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, шетелдік инвесторлар және трансұлттық компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Келіссөздер барысында ол өңірдің инвестициялық әлеуетін, табиғи ресурстар қорын және өнеркәсіпті дамытудың стратегиялық бағыттарын таныстырды.
Маңғыстау облысының форумға қатысуындағы басты мақсат – тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, өңір экономикасын әртараптандыру, сондай-ақ энергетика, мұнай-газ химиясы және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту.
Айта кетейік, биылғы форумның негізгі тақырыбы – «Трансформация дәуіріндегі жаңа шешімдер: Қазақстан – тұрақты экономикалық дамудың орталығы».
Шараға 40 елден 700-ден астам қатысушы қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық компаниялар мен ірі инвесторлар бар.
Шара аясында инвестициялық жобалар бойынша коммерциялық құжаттармен алмасу рәсімі өтті. Соның ішінде Маңғыстау облысына қатысты екі ірі жоба бар:
• «Qazaq LNG Mangistau» ЖШС – сұйытылған табиғи газ өндіру зауытының құрылысы;
• «Prime Methanol» ЖШС – метанол өндіру зауытының құрылысы.
Бұл екі жоба канадалық «Condor Energies Inc.» және «EurAsia Resource Value SE» компанияларының бастамасымен жүзеге асырылады. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 200 миллион АҚШ долларын құрайды.
Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде жыл сайын 145 мың тонна сұйытылған табиғи газ және 100 мың тонна метанол өндіріледі. Бұл Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға, Маңғыстау облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға айтарлықтай үлес қосады.
Аталған бастамалар Мемлекет басшысы айқындаған берік өнеркәсіптік негіз қалыптастыру және ел экономикасының өңдеу секторын жедел дамыту бағытына толықтай сай келеді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі