
Бүгін, 29 қазанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапарымен Қарақия ауданына барып, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның жұмысымен танысты.
Аймақ басшысы алдымен Қарақия ауданында орналасқан «Аксон Мед» оңалту орталығының жұмысын көрді. Мекеме басшысы орталықтың қызметімен, емдеу және оңалту бағыттарымен таныстырып, қазіргі таңда жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
«Аксон Мед» орталығы – аудан тұрғындарына кешенді медициналық оңалту қызметтерін көрсететін көпбейінді заманауи мекеме. Мұнда тірек-қимыл аппараты, неврологиялық және басқа да аурулардан кейінгі оңалту шаралары жүргізіледі. Мекеме барлық қажетті медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда физиотерапия, массаж, логопед, тұзды шахта, механотерапия және емдік дене шынықтыру бөлімдері жұмыс істейді.
2021 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталықта 10 мыңға жуық адам ем қабылдаған, бүгінде 80-ге жуық медицина маманы қызмет атқарады.
Аймақ басшысы медициналық қызмет сапасын арттыру мен халыққа қолжетімді оңалту көмегін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалап, орталық ұжымына табыс тіледі.
Сапар барысында Нұрдәулет Қилыбай Құрық ауылында іске асырылып жатқан су тұщыту зауытының құрылысымен танысты.
Жобаны «Алёка» ЖШС жүзеге асырған. Зауыттың өндірістік қуаттылығы тәулігіне 10 000 текше метр тұщы суды құрайды. Нысан ауылдың 10 мыңнан астам тұрғынын және өндірістік мекемелерді сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуге қауқарлы.
Жалпы аумағы 5 гектарды құрайтын аймақта 48 ұңғыма бұрғыланып, су тазартуға арналған құм сүзгісі мен үш бетонды резервуар орнатылған. Сондай-ақ тәулігіне 5 000 текше метрден су өндіре алатын екі осмос қондырғысы орнатылған.
Облыс әкімі жобаның өңірдің инженерлік инфрақұрылымын дамыту және тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі