
Бүгін, 28 қазанда Ақтау қаласында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің кездесуі өтті.
Жиынға облыстық ҚХА мүшелері, Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің мүшелері және этномедиаторлар қатысты. Кездесуде Этномедиация бағыты бойынша жасалған жұмыстар барысы талқыланды.
Кездесуде облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әбділов Оңайбек, «Вайнах» Шешен-Ингуш этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Чучаев Магомедсала, ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Джайлханова Амангүл және республикалық Армян этномәдени бірлестігі және Аналар кеңесінің мүшесі Мурадян Татьяна баяндама жасап, ассамблеяның бірлігі, өңірдегі этномедиация институтының жұмысы, сондай-ақ халық арасындағы татулық пен өзара түсіністікті нығайту бағытындағы нақты шаралар туралы ақпарат берді.
Жиында өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай елдегі бірлік пен келісімнің маңыздылығына тоқталды.
«Ассамблея – кеңесші орган ғана емес, түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп, достық пен келісімнің нақты институтына айналған бірегей құрылым. Әрбір мүшесі – бейбітшілік пен татулықтың елшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біздің байлығымыз – бірлікте» деген сөзі қоғамдағы ауызбіршіліктің мәнін айқындайды. Осы ұстанымды негізге ала отырып, біз өңірімізде келісім мен татулықты одан әрі нығайту жолында еңбек етуіміз қажет», – деді облыс әкімі.
Жиын соңында қатысушылар этномедиация бағытындағы жұмысты одан әрі жетілдіру және этносаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін қолдану жөнінде ұсыныстарын білдірді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі