Маңғыстау облысының әкімі халықаралық бочча турнирінің қатысушыларына қолдау білдірді

Маңғыстау облысының әкімі халықаралық бочча турнирінің қатысушыларына қолдау білдірді

Бүгін, 28 қазанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласында өтіп жатқан түркітілдес елдер арасындағы бочча спортынан халықаралық турнирге қатысушылармен кездесіп, спорттық ойынды тамашалады.

Өңір басшысы спортшыларға сәттілік тілеп, олардың жігері мен еңбегіне ризашылығын білдірді.

«Сіздер өз табандылықтарыңыз және мақсатқа деген ұмтылыстарыңыз арқылы нағыз ерік-жігердің үлгісін көрсетіп отырсыздар. Денсаулықтағы шектеулерге қарамастан, өздеріңіздің сенімдеріңіз бен рухтың мықтылығын дәлелдеп келесіздер. Бұл турнир – жай ғана спорттық жарыс емес, түркітілдес халықтар арасындағы достық пен өзара ынтымақтастықты нығайтатын маңызды алаң. Баршаңызға сәттілік пен жарқын жеңіс тілеймін», – деді облыс әкімі.

Халықаралық турнир 26-31 қазан аралығында Ақтау қаласында өтіп жатыр. Оған Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен келген 30 спортшы қатысуда.

Жарыс Маңғыстау облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен, «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы – 2025» халықаралық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі