
Бүгін 25 қазанда Ақтаудағы Мемлекеттік ресми рәсімдер алаңында Республика күніне арналған Мемлекеттік туды көтеру салтанаты шарасы өтті. Жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, өңірдің мемлекеттік органдарының өкілдері, жастар, түрлі сала мамандары, әскерилер мен қала тұрғындары қатысты.
Ұлттық мереке барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын бірге шырқады.
Салтанатты жиында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тұрғындарды Республика күнімен құттықтап, бұл күннің ел тарихындағы айрықша маңызын атап өтті.
«Бұл күн – еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамын айқындайтын тарихи дата. Егемендік туралы Декларацияның қабылдануы мемлекеттілігіміздің іргетасын қалаған маңызды оқиға болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Республика күні – мемлекеттің құрылу жолындағы тарихи қадамның символы болуға тиіс». Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың абыройлы міндеті. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасылық амандық және Отанымыздың игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін! Тәуелсіз Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Іс-шара барысында өңір өнерпаздары патриоттық әндер орындап, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі