Маңғыстауда Республика күніне арналған салтанатты шара өтті

Маңғыстауда Республика күніне арналған салтанатты шара өтті

Маңғыстау облысында Республика күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға аймақ әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, жиналғандарды Ұлттық мерекемен құттықтады.

Өз сөзінде өңір басшысы егемендіктің ел дамуы мен ұлт бірлігі жолындағы маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстанды шын жүректен жақсы көретін әрбір азаматқа зор үміт артамын. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, “Қазақстан – ортақ шаңырағымыз”. Сол ортақ шаңырағымыздың ұлы мерекесі құтты болсын! Еліміз күннен-күнге дамып келеді. Соның ішінде Маңғыстау өңірі де экономикасын тұрақты түрде ілгерілетіп, жаңа белестерге жетуде. Әрине, атқарылар жұмыс әлі де бар, бәрі мінсіз деп айта алмаймыз. Бірақ сіз болып, біз болып, бір мақсатқа ұмтылсақ – туған елімізді, жерімізді одан әрі гүлдендіреміз деген сенімдемін. Мереке құтты болсын! Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Қазақстан дами берсін!», – Нұрдәулет Қилыбай.

Сондай-ақ өңір басшысы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде қысқаша мәлімет беріп, кейінгі жылдары іске асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалар мен мәдени бастамаларды атап өтті.

Салтанатты шарада қоғам мен мемлекеттің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды. Олардың арасында «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерінің иегерлері, сондай-ақ «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат», ҚХА-ның «Бірлік» медалімен марапатталған азаматтар бар. Сонымен қатар ҚХА-ның алғыс хаттары мен «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгілері де табыс етілді.

Мерекелік шара соңы өңірлік және республикалық деңгейдегі өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі