Жаңаөзен қаласында мұнай-газ саласына арналған жаңа зауыт ашылды

Жаңаөзен қаласында мұнай-газ саласына арналған жаңа зауыт ашылды

Бүгін, 24 қазанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Республика күні қарсаңында Жаңаөзен қаласында «Каскор-Машзавод» ЖШС-нің жаңа зауытының ашылу салтанатына қатысты.

Шараға мұнай-газ саласының ардагерлері, ұлттық компаниялар мен кәсіпорын басшылары, мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Өңір басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өнеркәсіптік негізді нығайту және экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, өңдеу саласын дамыту – өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар бағыт екенін атап өтті.

«Бұл зауыттың іске қосылуы – Жаңаөзен қаласының экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті тұрғындарды тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Зауыт еліміздің мұнай-газ саласы үшін маңызды өнім өндіретін отандық кәсіпорынға айналатынына сенеміз», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Жаңа кәсіпорын жылына 540 мың дана сорғы штангасын, 51 мың тонна сорғы-компрессорлық құбырларды және футеровкалы сорғы-компрессорлық құбырларды өндіруге қауқарлы. Өндіріс іске қосылған соң 250 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Салтанатты іс-шарада сала ардагерлері мен өндіріс қызметкерлеріне облыс әкімінің және кәсіпорынның алғыс хаттары мен мерейтойлық медальдар табысталды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі