Маңғыстауда денсаулық сақтау саласының даму барысы мен өзекті мәселелері қаралды

Маңғыстауда денсаулық сақтау саласының даму барысы мен өзекті мәселелері қаралды

Бүгін, 21 қазанда облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте Маңғыстау облысының денсаулық сақтау жүйесінің даму барысы және өзекті мәселелері талқыланды. Жиын әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде көрсетіліп, тұрғындар өз сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаровтың мәліметінше, биыл ана өлімі тіркелмеген. Өлім-жітім деңгейі 8,4%-ға төмендеген, ал сәби өлімі өткен жылмен салыстырғанда 14,4%-ға азайған.

Мемлекет басшысының медициналық инфрақұрылымды дамыту тапсырмасына сай биыл Мұнайлы ауданында 150 төсектік аурухана, облыстық онкологиялық орталықтағы ПЭТ орталығы, Бейнеу ауданындағы «Қамқорлық» оңалту орталығы пайдалануға берілді. Қосбұлақ, Тәжен және Құрық ауылдарында жаңа медициналық пункттер мен амбулаториялар салынды. Сондай-ақ облыс әкімінің қолдауымен маңғыстаулық дәрігерлер Түркияда тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттырды.

Қазіргі таңда облыста 249 дәрігер жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін облыс әкімінің 131 гранты бөлініп, ауылдық жерлерге келген дәрігерлерге 8,5 млн теңгеден, қалаға келген мамандарға 3-5 млн теңгеден бір реттік жәрдемақы берілді. Жыл соңына дейін 50 пәтер сатып алу және мамандардың біліктілігін арттыру шаралары жоспарланып отыр.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалының басшысы Нұрлан Қыдырбаев өңір тұрғындарының 83%-ы сақтандыру жүйесіне тартылғанын атап өтті. Қор тарапынан медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыру және жүйенің ашықтығын арттыру бағытында жұмыс жүргізілуде.

Сондай-ақ «СК-Фармация» ЖШС-нің Маңғыстау облысы бойынша өкілдігінің басшысы Наталья Бикинееваның айтуынша, биыл бірыңғай дистрибьютор 59 медициналық ұйыммен жұмыс істейді, дәрілер Актөбе хабы арқылы жеткізіледі. 2025 жылы облысқа 7,7 млрд теңгеге дәрі-дәрмек жөнелтілген.

Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай медицина саласындағы көрсетілетін қызмет сапасына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, кейінгі уақытта тұрғындар тарапынан медициналық қызметке байланысты шағымдар жиілеген.

«Тұрғындардың тарапынан медициналық қызметке айтылып жатқан шағым көп. Оны көріп те, біліп те отырмыз. Қаржы жыл сайын уақытында әрі жеткілікті көлемде бөлініп отыр. Бірақ, шағым азайған жоқ. Халықтың денсаулығы – біздің ең басты капиталымыз, ең үлкен байлығымыз. Сондықтан әрбір медицина қызметкері өз ісіне жауапкершілікпен қарап, сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетуге ұмтылуы қажет. Әрбір науқасқа жанашырлықпен қарау – дәрігерлік борыш қана емес, азаматтық міндет», – деді облыс әкімі.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай денсаулық сақтау саласының халық өмірінің сапасына тікелей әсер ететін маңызды бағыт екенін атап өтіп, жауапты басқармаларға медициналық көмектің сапасын арттыру, кадр тапшылығын жою және саланы цифрландыру жұмыстарын жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі