Нұрдәулет Қилыбай Бейнеу ауданының тұрғындарымен кездесті: «Басты мақсат – халықтың өмір сүру сапасын арттыру»

Нұрдәулет Қилыбай Бейнеу ауданының тұрғындарымен кездесті: «Басты мақсат – халықтың өмір сүру сапасын арттыру»

17 қазан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапарымен Бейнеу ауданына барып, тұрғындармен кездесті. Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өзекті мәселелер талқыланып, халықтың ұсыныс-пікірі тыңдалды.

Алдымен аудан әкімі Рахымжан Шалбаев ауданның 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен сайлауалды бағдарламаның орындалуы және алдағы жылдары жасалатын жоспарлары туралы баяндама жасады.

Бейнеу ауданы – Маңғыстау облысының солтүстік бөлігінде орналасқан, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан ауданның бірі. Аудан халқының саны 72,4 мың адамды құрайды. Негізгі даму бағыттары – өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және шағын кәсіпкерлік. Соңғы жылдары ауданда инвестиция көлемі ұлғайып, инфрақұрылым жақсаруда.

Аудан әкімінің мәліметінше сайлауалды бағдарламамның 5 бағыт бойынша (тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, жастарды, әлеуметтік санаттағы азаматтарды қолдау, инфрақұрылымды, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласын дамыту) жоспарланған 61 іс-шараның 52-сі жүзеге асырылып, 85% орындалды.

Ауданның бюджет көлемі өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға артып, инвестиция көлемі 102,2%-ға өскен.

Ауданда 4 748 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Жылыжай шаруашылығы дамып, жыл сайын 100 тоннаға жуық көкөніс өндіріледі. Бұл – жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігінің және шағын бизнес саласының аудан экономикасының тірегіне айналғанының айқын дәлелі.

Инфрақұрылым бойынша Бейнеу халқының 100%-ы табиғи газбен, 97,7%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Сарға ауылында су тазарту имаратының құрылысы жүріп жатыр, ал электр энергиясы тапшылығын жою мақсатында жаңа подстанция салу жобасы әзірленуде.

Білім беру саласында да айтарлықтай өзгерістер бар: Бейнеу және Сам ауылдарында 900 орындық жаңа мектептер пайдалануға берілді. Алдағы уақытта Есет және Төлеп ауылдарында жаңа мектептер салу жоспарланған. Балабақшамен қамту көрсеткіші 3-6 жастағы балалар арасында 100%-ға жеткен.

Боранқұл ауылында мәдениет үйінің жөндеу, спорт залының құрылыс жұмыстары аяқталып, Бейнеу ауылында жаңа аудандық кітапхана пайдалануға берілді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы ашылып, жыл сайын 600 балаға қызмет көрсетеді.

Кездесу барысында тұрғындар жер асты судың көтерілуіне байланысты дренаж орнату, жаяу жүргіншілер жолын салу, тұрғынүймен қамту, жұмыссыздық, көше жарығын орнату, иесіз иттерді аулау, қоқыс шығару, медицина саласындағы мәселелерді көтерді.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тұрғындардың сауалдарына жауап бере отырып, көтерілген мәселелердің барлығы кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.

«Бейнеу ауданы – облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосып отырған өңір. Мұнда кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым бағытында оң өзгерістер бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, басты мақсат – халықтың өмір сүру сапасын арттыру және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта сіздердің әрбір ұсыныстарыңыз назарға алынып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Кездесудің соңында облыс басшысы тиісті басқармалар мен аудан әкімдігіне жол, ауыз су, денсаулық сақтау және жұмыспен қамту салалары бойынша нақты тапсырмалар берді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі